News

10.12.2021 (Обновлено: 06.04.2022 12:28)

10 желтоқсандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары

Бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары - Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянның, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің, ЖЕЭК Құрметті Төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Куба Республикасының Президенті Мигел Диас-Канел Бермудестің, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің, ТМД Атқарушы комитетінің Төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедевтің, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузовтың қатысуымен бейнеконференция режимінде болып өтті. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары Одақта кедендік транзиттің бірыңғай жүйесін құру үшін бес жыл бойы жұмыс жүргізілген екі келісімді мақұлдады. Бұлар – Одақта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім және Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісім.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге хаттаманы мақұлдады.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары 2022 жылға арналған халықаралық қызметтің негізгі бағыттарын, көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі шеңберінде бағалау қызметін жүзеге асыру шарттарына қатысты ортақ тәсілдемелерді, ЕАЭО шеңберіндегі көрсетілетін қызметтердің жекелеген секторлары бойынша ырықтандыру жоспарларын іске асыру туралы баяндаманы, көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын (КҚБН) құрылыс саласында толық көлемінде іске қосу туралы шешім жобасын мақұлдады. ЕАЭО мемлекеттерінің басшыларына 2025-Стратегиясын орындаудың ағымдағы жылғы нәтижелері туралы баяндалды.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО туралы шартқа өзгерістерді кірістіретін «II Үлкен Хаттамаға», Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Қырғыз Республикасын 2022 жылы Одақ органдарында - Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде төрағалық етуші мемлекет деп айқындау туралы шешім қабылдады. ЕАЭО органдарында 2021 жылы Қазақстан Республикасы төрағалық етті.
Жоғары кеңестің келесі отырысы 2022 жылғы мамырда Бішкекте (Қырғыз Республикасы) болады.