News

14.10.2021 (Обновлено: 21.02.2022 14:23)

Лизинг қызметтерін көрсету бірыңғай нарығын кеңейту ЕАЭО елдерінің нарығына өзара қол жеткізуді ырықтандыруға ықпал етеді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева бұл туралы 14 қазанда Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасының конгресс-орталығында «Еуразия лизинг» ІІІ бас ассамблеясында айтты.


Жалпы отырыста ЕАЭО елдеріндегі лизинг қызметтерін көрсетудің бірыңғай нарығын дамытудың өзекті аспектілері, соның ішінде Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру шеңберінде Еуразиялық кеңістікте лизинг қызметтерін көрсетудің бірыңғай нарығын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

 

«2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін бірыңғай нарық форматына ауысатын қызметтер көрсетудің, соның ішінде жаңа лизинг қызметтерін көрсету тізбесін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен бекіту жоспарлануда және 2024 жылдың соңына дейін әрбір сектор бойынша ырықтандырудың жеке жоспарларын бекіту жұмысы аяқталуға тиіс»,- деп атап өтті Ғалия Жолдыбаева.

Комиссияға Беларусь және Ресей лизинг бизнес-қоғамдастықтарынан ұсыныстар түсті, олар бірыңғай нарық форматына ауысу үшін қызметтер көрсетудің алдын ала жасалатын тізбесін қалыптастыру кезінде пайдаланылатын болады.

 

«Бизнес жеңіл автомобильдер лизингі, теміржол көлігі, әуе кемелері мен авиациялық жабдық, теңіз кемелері, ішкі суларда жүзу кемелері, жүк контейнерлері, көтеру-көлік жабдығы, медициналық және фармацевтикалық жабдық, машина жасау, металл өңдеу және металлургия жабдықтары, кәсіби радио және телевизия аппаратуралары сияқты қызметтер көрсетуге арналған бірыңғай нарық форматын кеңейтуді ұсынады»,- деп Ғалия Жолдыбаева бірыңғай нарық форматын құрудың ықтимал салаларын санамалап көрсетті.

 

Анықтама:

«Еуразия лизинг» бас ассамблеясы – Ресей СӨП Лизинг жөніндегі кіші комитетінің бастамасы бойынша ұйымдастырылатын, ЕАЭО елдерінің кәсіби лизинг бірлестіктері мен компанияларының билік органдарымен арадағы сындарлы диалогын түзуге арналған жыл сайынғы іскерлік алаңы.