News

18.05.2021 (Обновлено: 20.12.2021 18:33)

ЕЭК Кеңесі «Шекарасыз жұмыс» жобасын өнеркәсіптік пайдалануға беру туралы шешім қабылдады

18 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бірінші бірлескен цифрлық жобасы – «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» жүйесін 2021 жылғы 1 шілдеден бастап өнеркәсіптік пайдалануға беру туралы шешім қабылдады.

Жобаның негізгі мақсаты – Одақ мемлекеттерінің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту саласындағы ұлттық ақпараттық жүйелерінде қамтылған бос жұмыс орындары мен вакансияларды іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізуге арналған іздеу жүйесін құру.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жүйені пайдаланушыларға – Одақтың вакансияларды іздеушілері мен жұмыс берушілеріне аумағында жұмыс іздеуді немесе персоналды іріктеуді жүзеге асыру талап етілетін бір немесе бірнеше мүше мемлекетті таңдау, ұлттық ақпараттық жүйелерге әмбебап іздеу сауалын қалыптастыру, вакансиялар мен түйіндемелер бойынша ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі, сондай-ақ интерактивтік өзара іс-қимыл мүмкіндігі ұсынылады.

Жобаның қатысушы мемлекеттерінің ақпараттық жүйелері біріздендірілген іздеу интерфейсі арқылы бірі-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.

«Шекарасыз жұмыс» жобасына ЕАЭО-ның бес елінің қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған мына жүйелері қатысады: Армения Республикасынан – «Горц» жұмыс іздеу және персоналды іріктеу жөніндегі ақпараттық жүйесі, Беларусь Республикасы тарапынан – жұмыспен қамту мемлекеттік қызметінің ақпараттық порталы, Қазақстан Республикасынан – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек электрондық биржасы – «Жұмыс» ақпараттық порталы, Қырғыз Республикасынан – Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек нарығы ақпараттық жүйесінің «Жұмыспен қамту» ақпараттық порталы, Ресей Федерациясынан – жалпыресейлік «Ресейдегі жұмыс» вакансиялар базасы ақпараттық талдау жүйесі.

Жүйені ендіру нәтижесінде Одақтың еңбек нарықтарындағы өзара іс-қимыл кеңейеді. Мәселен, ЕАЭО азаматтары үшін жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады, жұмыс берушілер үшін – персоналды іздеу алаңдарының саны артады; Одақ мемлекеттері үшін – ЕАЭО еңбек нарығын дамытудың қазіргі заманғы және тиімді цифрлық құралдарын ендіруді қамтамасыз етеді.

Анықтама үшін:

Жоба төрт кезеңнен тұрады: 1-кезең – жұмылдыру, 2-кезең – қадамдастыру, 3-кезең – әзірлеу және іске қосу, 4-кезең – мониторинг және даму. Жоба ЕАЭО мемлекеттері азаматтарының жұмысқа орналасуын және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін цифрлық экожүйені қалыптастыру бөлігінде ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберінде іске асырылған.