News

10.06.2021 (Обновлено: 30.12.2021 10:54)

ЕАЭО-да электрондық саудаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалатын болады

Тұтынушылар құқықтарының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету механизмдері Еуразиялық экономикалық одақта электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі «жол картасының» шеңберінде айқындалатын болады. Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырған жұмыс кеңесіне қатысушылар шетелдік интернет-дүкендерден тауарлар сатып алу кезінде нәтижелері ЕАЭО елдері тұтынушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын атады. Олардың ішінде – ЕАЭО аумағындағы шетелдік сауда алаңдары қызметінің шарттарын әзірлеу, жосықсыз іскерлік практикаларға қарсы іс-қимыл, тұтынушылардың дербес деректерін қорғау бар.
«Одақ елдерінің тұтынушылар құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдемелерін айқындау Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында көзделген, – деп атап өтті ЕЭК санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Наталья Жукова. – Тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс қашықтан жасалатын сауда кезінде одақтық мемлекеттердің тұтынушыларын қорғаудың жалпы тәсілдемелерін қозғайтын Комиссия ұсынымдарына негізделетін болады».

Биылғы жылы тауарлардың бөлшек саудасы саласында тұтынушыларға қатысты адал іскерлік практиканың жалпы қағидаттары мен критерийлерін айқындайтын Комиссияның жаңа ұсынымдары қабылданып, іске асырылуда. Осы ұсынымдар ережелерінің бір бөлігін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған шаралар мен іс-шаралардың базалық пакетіне енгізу белгіленген.
Бұдан басқа, Комиссия цифрлық сервистерді енгізу бойынша бірқатар актілер дайындауды жоспарлап отыр. Олар тұтынушылық дауларды тез және объективті шешуге көмектеседі.

Анықтама
Сыртқы және өзара электрондық сауданы дамыту жөніндегі кешенді ұсыныстар Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №4 тапсырмасының, сондай-ақ Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының іс-шаралары шеңберінде пысықталуда.