Նորություններ

21.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 11:51)

ЕЭК пен Еурокомиссия климаттық реттеу мәселелері бойынша консультация өткізді

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еурокомиссияның техникалық диалогының жетінші раунды болып өтті, оның барысында, атап айтқанда, Еуропалық парламенттің шекаралық түзеткіш көміртегі механизмін құру туралы регламентінің жобасы қаралды.


«Біз үшін Еуропалық комиссияның климаттық реттеудің өзіне меншікті жүйесін құру жөнінде қамданып жатқан іс-қимылы және оның басқа елдер мен экономикалық бірлестіктер жүзеге асырып отырған қадамдармен өзара байланысы үлкен практикалық қызығушылық тудырады»,-деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрінің көмекшісі Сергей Чернышев.

Осыған байланысты ол Еуразиялық экономикалық одақ елдері Премьер-министрлерінің климаттық күн тәртібі шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия мен мүше мемлекеттердің өкілдерінен жоғары деңгейдегі жұмыс тобын қалыптастыру туралы тапсырмасын еске салып өтті.

ЕЭК тарапынан іс-шараға Сауда саясаты, Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу, Ішкі нарықты қорғау, Техникалық реттеу және аккредиттеу, Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы, Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменттерінің өкілдері қатысты. Еурокомиссия атынан сауда, климаттың өзгеруі, салық салу және кеден одағы, ауыл шаруашылығы және селолық жерлерді дамыту, ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және ШОК жөніндегі, сондай-ақ денсаулық сақтау мен тамақ өнімінің қауіпсіздігі жөніндегі бас директораттардың қызметкерлері өкілдік етті.

Еуразиялық экономикалық комиссия озон қабатын бұзатын заттарға, тауарларды таңбалауға, «Химия өнімінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентке және ЕАЭО СЭҚ ТН-да тауарларды сыныптауға қатысты мәселелерге түсінік берді.

Еурокомиссия өз тарапынан Еуропалық одақтың нарығын қауіпті өнімнен қорғау, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу, сондай-ақ тамақ өнімдері саласындағы реттеу тақырыптарын көтерді.

«Біздің консультацияларымыз әрқашан бизнес үшін қызықты өзекті мәселелерді қозғайды. Бұл техникалық диалогты дәл сол себепті құрдық, ол тараптар үшін экономикалық ахуалға ықпалын тигізетін мәселелерді айқындап, ашып алудың мүмкіндігі болып табылады. Біз болашақта ақпарат алмасып қана қоймай, сонымен бірге бизнес жүргізудің жағдайларын оңайлатуға да тікелей жәрдемдесетін боламыз»,- деп атап көрсетті Сергей Чернышев.