Նորություններ

24.11.2021 (Обновлено: 31.03.2022 13:20)

ЕЭК пен Фарер аралдарының Үкіметі өзара іс-қимылды жалғастырады

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Фарер аралдарының Сыртқы істер және мәдениет министрі Йенис ав Рананың тең төрағалығымен ЕЭК штаб-пәтерінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия мен Фарер аралдарының Үкіметі арасындағы бірлескен жұмыс тобының екінші отырысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Фарер аралдары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
«Еуразиялық экономикалық комиссия Фарер аралдарының ЕАЭО мемлекеттерімен өзара сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге деген қызығушылығын жоғары бағалайды. Біз Фарер аралдарының ЕАЭО аумағына өз экспортын ғана емес, Одақтан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең спектрінің импортын да дамытуға деген ықыласын құптаймыз, бұл диалог үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз», — деп атап өтті Сергей Глазьев.

Тараптар ЕАЭО мемлекеттері мен Фарер аралдары арасындағы 2021 жылғы қаңтар-қыркүйектегі қорытындылар бойынша тіркелген сауданың оң серпінін атап өтті. Тауар айналымы көлемі осы кезең ішінде 251,4 млн АҚШ долларына жетті. Фарерге одақтық экспортта рапс майы, мұнай өнімдері, қағаздан және картоннан жасалған ыдыстар, балық аулау құралдары мен басқа да бірқатар тауарлар басымдықты. Фарерден ЕАЭО елдеріне ең алдымен жас, тоңазытылған және мұздатылған балық, балық еті мен сүбесі импортталады.

Йенис ав Рана өз кезегінде Фарер аралдары ЕАЭО елдерімен ынтымақтастыққа зор маңыз беретінін атап өтті және іскер топтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап көрсетті.

«Фарер аралдарының Үкіметі ЕАЭО елдері мен Фарердің бизнес топтары желісі бойынша сауда-экономикалық салада екіжақты байланысуды дамытуға толық шамада жәрдемдесуге дайын. Бұл ретте ынтымақтастықты әртараптандырудың үлкен әлеуеті бар екенін айта аламыз», — деп атап көрсеткен Йенис ав Рана ЕЭК делегациясын 2022 жылғы мамырда Фарер аралдарында өткізу жоспарланып отырған «ЕАЭО-Фарер аралдары» форумына қатысуға шақырды.

Бұдан басқа, Фарер делегациясы Одақтың барлық елімен сауда байланыстарын жандандырудың маңызды құралы ретінде келешекте ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құруға мүдделілікті растады. Комиссия өкілдері бұл үшін ЕАЭО құқығында қандай рәсімдер көзделгені туралы айтып берді.

ЕАЭО мен Фарер аралдары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде Қырғыз өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Данил Ибраев пен ЕАЭО Іскерлік кеңесі атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Сергей Михневич өз ұсыныстарын ортаға салды.

Бірлескен жұмыс тобының екінші отырысының қорытындылары бойынша ынтымақтастықты тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Анықтама:
Бірлескен жұмыс тобы ЕЭК пен Фарер аралдарының Үкіметі арасындағы 2018 жылғы 23 тамыздағы Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде құрылды.

Бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы 2019 жылғы мамырда болып өтті.

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте ЕАЭО мемлекеттерінің Фарер аралдарымен тауар айналымы 24,4% артты, соның ішінде ЕАЭО экспорты екі еседен астам артты, ал импорт 2021 жылдың өткен кезеңі ішінде 19,8% өсті.

Бірлескен жұмыс тобының келесі отырысы Фарер аралдарының астанасы Торсхавнде болады.