Նորություններ

17.09.2021 (Обновлено: 07.02.2022 16:55)

ЕЭК ЕАЭО-ның үйлестірілген көлік саясатын іске асыру саласында Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесімен ынтымақтастықты жалғастырады

Транзит өсімінің теңдесі жоқ қарқыны теміржол инфрақұрылымын тездетіп дамытуды, сондай-ақ цифрлық логистика әлеуетін ашуды талап етеді. 2015 жылмен салыстырғанда, ЕАЭО-дағы транзиттік тасымалдар бес есе өсім көрсетті. Мұның бәрі ЕАЭО-ның Еуропа мен Азия - Тынық мұхит өңірі елдері арасындағы көпір ретіндегі рөлін айғақтайды. Бұл туралы Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесінің (ТТҮК) XXX мерекелік жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбеков мәлімдеді.

«Бүгінде тасымалдың қағаз құжаттарынан электрондық түріне көшу толық күшінде жүруде. Келесі саты - тауардың ілеспе құжаттарының электрондық форматына көшу»,- деп атап өтті ЕЭК министрі.

 

ЕАЭО темір жолдарының маңызды бәсекелестік артықшылығы дағдылы жол табанының 1520 мм жалпы стандарты базасындағы тасымалдардың бірыңғай технологиясы болып табылады. Одақ туралы шартта икемді тарифтік саясат қалыптастырудың базалық қағидаттары, инфрақұрылымға қол жеткізудің ортақ тәсілдемелерінің бекітілуі бұл артықшылықты толық мәнінде іске асыруға мүмкіндік береді.

Ол Комиссия мен ТТҮК-тің көлік саласындағы мемлекеттік билік органдарының, теміржол әкімшіліктерінің, жетекші халықаралық ұйымдар мен теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттырудың перспективалық міндеттерін шешу жөніндегі институттардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған стратегиялық жоспарларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылының маңыздылығын атап көрсетті.

Осыған байланысты үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасы арасындағы жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға бірлесіп қатысу қажет. Мультимодалдық тасымалдарды дамыту үшін жағдайлар жасау, тасымал процесінде озат цифрлық технологияларды ендіру, қауіпсіздікті арттыру, көлік нарығының осы сегментіндегі жұмыстың сақталуы мен экологиялығы да маңызды.

Темирбек Асанбеков Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесінің теміржол тасымалдарын және ЕАЭО кеңістігіндегі темір жолдар арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы айтарлықтай рөлі мен үлесін атап өтті:

«Біз ТТҮК-нің ортақ іске - Еуроазиялық көлік байланыстарын қамтамасыз етуге жұмсап отырған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Теміржол қатынасы Еуразиялық интеграцияның сенімді қаңқа-тірегін қалыптастырады және ол ЕАЭО-ны экономикалық дамытудың басты драйверлерінің бірі болып табылатыны сөзсіз».


Анықтама:

Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесі (ТТҮК) - 1997 жылғы 21 ақпанда Санкт-Галлен (Швейцария) кантоны Бас тізілімінде тіркелген, қызмет мерзімі шектеусіз коммерциялық емес көлік қауымдастығы – «Транссібір тасымалдары жөніндегі үйлестіру кеңесі» (ТТҮК) халықаралық қауымдастығының құқықтық мирасқоры болып табылады.

 

2019 жылғы 20 қыркүйектегі ТТҮК жалпы отырысының (Нұр-Сұлтан қаласы) шешімімен «Транссібір тасымалдары жөніндегі үйлестіру кеңесі» халықаралық қауымдастығы Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесі болып атауын өзгертті.

 

Жарғыға сәйкес, «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті тұрақты негізде ТТҮК төрағасы болып табылады, төрағаның орынбасарлары - ТТҮК құрамына кіретін экспедиторлық қауымдастықтардың президенттері.

 

Еуразиялық экономикалық комиссия мен ТТҮК арасында 2017 жылғы 18 қаңтарда Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

Меморандумның мақсаты мына:

- өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ақпарат және тәжірибе алмасу;

- тараптар қабылдайтын теміржол көлігі саласындағы құжаттармен алмасу;

- теміржол көлігін дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін бірлескен кеңестер өткізу;

- теміржол көлігінің көрсетілетін қызметтерін дамыту жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;

- тараптар өткізетін іс-шараларға қатысу бағыттары бойынша ынтымақтастық болып табылады.

 

2021 жылғы 22 шілдеде Мәскеуде ЕЭК-тің Көлік және инфрақұрылым департаменті мен ТТҮК Хатшылығы арасында 2021-2022 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды.