Նորություններ

27.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 16:42)

Жоғары деңгейдегі кеңесте ЕАЭО-ның ортақ газ нарығы талқыланды

27 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартты дайындау жөнінде жоғары деңгейдегі кеңес өтті. Оған ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, Армения Республикасының вице-премьер-министрі Мгер Григорян, Беларусьтің Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Беларусь Республикасы Премьер-министрі орынбасарының өкілеттіктері берілген Владимир Семашко, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Азиз Аалиев, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новак, Қазақстан Республикасы Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков қатысты.


ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың жекелеген ережелерін реттеу бойынша сындарлы диалог болып өтті. Атап айтқанда, Одақтың ортақ нарығында газ тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру, үшінші елдерден ЕАЭО мемлекеттерінің аумағына кемсітпеушілік негізінде газ тасымалдау мен жеткізу мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, энергетика саласында ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары басшыларының кеңесін қалыптастырудың орындылығы қаралды.

Кеңес 14 қазанда Минскіде өткізу жоспарланған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына дайындық шеңберінде ұйымдастырылды.

Мемлекет басшылары ортақ нарықта баға белгілеу қағидаттарын іске асыруды және кемсітпеушілікке, адал бәсекелестікке негізделген тариф саясатын қалыптастыруды тапсырды. Қазірдің өзінде ортақ газ нарығын қалыптастырудың Тұжырымдамасы мен Бағдарламасы бекітілді. Келесі кезең – 2022 жылы ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын құру жөніндегі халықаралық шартты қабылдау болады. Мұның бәрі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылуға тиіс ортақ газ нарығының ортақ құқықтық жүйесін түзу үшін қажет.

ЕАЭО-ның ортақ газ нарығының жалпы көлемін жыл сайын 20 млрд текше метрден астам деп бағалауға болады. Бұл ретте Еуразиялық «бестіктің» мұнай өндіруші және газ тұтынушы елдерінің мүдделерінің теңгерімін сақтау өте-мөте маңызды.

Бұдан бұрын, 24 қыркүйекте ЕЭК штаб-пәтерінде ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбековтің төрағалығымен ЕАЭО елдері энергетика министрлерінің кеңесі болып өтті.