Նորություններ

16.09.2021 (Обновлено: 07.02.2022 16:41)

ЕЭК және Перу өкілдері сауда-экономикалық қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады

ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян мен Перу Республикасы Сыртқы сауда министрінің орынбасары Диего Льоса Веласкестің жұмыс кездесуінің негізгі тақырыбы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Перу Республикасы арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері болды. Кездесу Перу тарапының бастамасы бойынша 15 қыркүйекте бейнеконференция форматында болып өтті. Гоар Барсегян Перу Республикасының ЕЭК-тің Латын Америкасы мен Кариб бассейні өңіріндегі қарымды әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Перу Республикасы ЕЭК-тің 2015 жылы өзара түсіністік туралы меморандум жасасқан алғашқы мемлекеттерінің бірі болды. Жұмыс топтарының отырыстары барысында тараптар ынтымақтастықтың өзара мүдделілік білдірілген бағыттарын нысаналы талқылайды, олардың қатарына ЕАЭО-ның дамушы елдерге қатысты тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін қолдану, кеден заңнамасындағы жаңа енгізілімдер, техникалық реттеудің және СФС-шараларын қолданудың ерекшеліктері, ЕАЭО аумағында бизнес жүргізу және көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі, инвестициялық кепілдіктер, Одақта келісілген аграрлық саясат жүргізуді іске асыру мәселелері, сондай-ақ зияткерлік меншікті реттеу, инновациялар саласы және басқа көптеген мәселе кіреді»,- деп мәлімдеді ЕЭК өкілі.


Диего Льоса Веласкес Комиссияның бастамасын қолдады және Перу тарапы жұмыс тобының үшінші отырысын өткізу үшін келесі жылдың басында Лимада ЕЭК делегациясын қабылдауға дайын болатынын атап көрсетті.

Әңгімелесу барысында тараптар үстіміздегі жылғы бірінші жарты жылдықтағы ЕАЭО мен Перу арасындағы сауданың оң серпінін атап өтті.

«Сауда айналымы 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,6% өсті және 268,9 млн АҚШ долл.құрады, соның ішінде экспорт 29,1% (104,6 млн АҚШ долл.), ал импорт 38,3 % (164, 3 млн АҚШ долл.) артты. Дәстүрдегіше ЕАЭО-ның Перумен тауар айналымының негізі үлесі Ресей Федерациясына тиісілі - 86,5%.Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанның үлесі айтарлықтай өсіп, 11,4% құрады»,- деп атап көрсетті Гоар Барсегян.


Кездесуге Комиссияның сауда блогының өкілдері де қатысып, Еуразиялық экономикалық одақтың сауда келіссөздерін жүргізу қағидаттарына байланысты Перу тарапының сұрақтарына жауап берді.

ЕЭК және Перу өкілдері Комиссияның Перу Республикасы мүшесі болып табылатын Латын Америкасының интеграциялық бірлестіктерімен, атап айтқанда, Анд қоғамдастығымен, Тынық мұхит альянсымен және Латын Америкасының интеграциялық жүйесімен өзара іс-қимылы шеңберіндегі диалогты дамытуға жекелеп назар аударды.

Перу министрінің орынбасары ЕЭК-тің өңірлік құрылымдар арасында тараптардың интеграциялық практикалармен алмаса алуы және жаһандық экономикалық проблемаларды шешудің бірлескен жолдарын талқылауы мүмкін болатын дербес іс-шаралар ұйымдастыру жайындағы ұсынысын құптады.