Նորություններ

06.10.2021 (Обновлено: 14.02.2022 16:06)

Руслан Бекетаев: «Цифрландыру ЕАЭО-дағы қаржылық инновацияларды дамытуға серпім берді»

ЕЭК пен Федералдық салымшылар мен акционерлердің құқықтарын қорғау қоры бірлесіп ұйымдастырған VI Халықаралық «Қаржылық қауіпсіздік аумағы» қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі конференцияда Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Руслан Бекетаев қаржылық көрсетілетін қызметтер саласындағы цифрландыру және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде киберқылмысты болдырмау құралдарын ендіру туралы айтты. ЕЭК министрі Руслан Бекетаев өмірдің көптеген саласын цифрландыру қаржылық инновацияларды дамытуға және қашықтан сәйкестендірудің қосымша сервистерін әзірлеу мен контрагенттерді тексеруге серпім бергенін атап көрсетті.

Бұл ретте ол цифрландыру азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне теріс те әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Жеделдетілген цифрландыру және онлайн-көрсетілетін қызметті кеңінен пайдалану интернет-кеңістікте жалған инвестициялық платформалар мен криптовалюталық биржалар құру сияқты жаңа алаяқтық схемалардың пайда болуына соқтырады. Мәселен, Ресейде 2020 жылдың бірінші жарты жылдығы ішінде алаяқтар 360 мыңға жуық рұқсат етілмеген операция өткізіп, 4 миллиард рубльге жуық ақша ұрлады»,- деді Руслан Бекетаев.

Киберқылмысты болдырмау құралдарының бірі - цифрлық комплаенс элементі ретінде клиенттерді цифрлық сәйкестендіруді ендіру болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл деректердің құпиялылығын қорғау мен заңнама талаптарын сақтау арасында парасатты ымыра табуға мүмкіндік береді, сөйтіп, инвесторлар мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды қорғау механизмінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.