Նորություններ

23.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 16:04)

ЕАЭО елдері азаматтық авиақұрылыс саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуды жоспарлауда

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтық авиақұрылыс саласындағы ынтымақтастығын дамыту жаңа серпім алады. Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында тараптар осы саладағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады.

Еуразиялық «бестік» мемлекеттері ұшақтардың типтері бөлінісіндегі сұраныс пен ұсыныстың болжамдық теңгерімі негізінде ЕАЭО елдерінің авиациялық техникамен қамтамасыз етілуі бойынша ұсыныстарды бірге тұжырымдайды, авиақұрылысы саласындағы жинақтауыштар өндірісіндегі қажеттіліктер мен проблемалар туралы, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістегі импорт алмастыру мақсатында ақпарат алмасатын болады.

«Біздің елдеріміздің бәрі де азаматтық авиақұрылыс саласындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын түсінеді және сол себепті осы салада жұмысты жалғастыруға дайындықтарын растады. ЕАЭО мемлекеттері үшін авиақұрылыстағы кооперациялық ынтымақтастық – сөзсіз басымдылық. Сөз өндірістік тізбектерге қатысушылардың бәрі үшін тікелей экономикалық пайда туралы ғана болып отырған жоқ. Осы жұмыспен біз ғылыми-техникалық әлеуетті барынша іске қоса отырып, мемлекеттерімізді бұрынғыдан да біріктіре түсеміз»,- деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Бұдан басқа, Консультативтік комитет мүшелері Өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру және ЕАЭО-да өндірісі қамтамасыз етілуге тиіс ЕАЭО елдерін медициналық қолдануға арналған стратегиялық маңызды дәрілік препараттармен және фармацевтикалық субстанциялармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларын қарап, мақұлдады.

Сондай-ақ Одақ мемлекеттерінде зергерлік өнімге, бағалы металдар мен асыл тастарға қатысты жүзеге асырылатын экспорттық рәсімдердің салыстырмалы рейтингін қалыптастыру тәртібі қаралды.

2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде COVID-19 пандемиясына қарамастан өңдеуші өнеркәсіптің 21 саласының 11-інде өндіріс көлемінің өсуі тіркелгені атап өтілді. ЕЭК министрі Артак Камалян Консультативтік комитет мүшелеріне «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіп өнімі нарығының мониторингі нәтижелері туралы» баяндаманы таныстыра отырып, осы туралы хабарлады.

Министр атап өткендей, пандемия жағдайында өніміне сұраныс өскен салалардағы өндіріс көлемі артты. Бәрінен бұрын, бұл - өндіріс көлемі 23% өскен фармацевтика өнеркәсібі, тоқыма бұйымдары өндірісіндегі өсім - 11,2%, химия өнеркәсібінде – 6,4%. Оң серпін жиһаз өнеркәсібінде – өсім 4,5%, қағаз және қағаз өнімдері өндірісінде – 4,2%, машиналар мен жабдықтар өндірісінде – 3,9%, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 3,1%, сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде – 3% белгіленді.

Артак Камалян ортақ нарықтың 2/3 сыйымдылығы мүше мемлекеттер өндірушілерінің өз өнімдерін өздерінің ұлттық нарықтарына жеткізуі есебінен қалыптасуын және ортақ нарықтың тек үштен бірі ғана үшінші елдердің импорты екенін маңызды сәт деп санайды.

2019 жылмен салыстырғанда Одақ нарығында ұлттық өндіріс үлесінің барынша көп ұлғая өсуі фармацевтика өнеркәсібінде – 9,1%, металлургияда – 5,3%, ағаш өңдеуде – 3,5%, химия өнеркәсібінде – 3,3%, автомобиль жасауда – 2,1%, сондай-ақ киім өндірісінде – 1,2% болды.

Зерттеу қорытындысына түсіндірме бере келіп, министр ЕАЭО-ның өнеркәсіп секторында қалыптасқан жағдаят елдердің өзара сауданың ұлғая өсуіне ықпал ететін салалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуі қажеттігін талап ететінін атап көрсетті.

Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитеттің кезекті отырысы осы жылғы қарашада болады.