Նորություններ

08.12.2021 (Обновлено: 06.04.2022 17:31)

ЕАЭО-да жедеғабыл-жүктердің өткізілуі мен экспорттың дамуы үшін жағдай жасалады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 7 желтоқсанда жедеғабыл-жүктер үшін тауарға декларацияны (ЖЖТД) пайдалану практикасын кеңейтуге және жедеғабыл-жүктердің өткізілуін оңайлатуға бағытталған өзгерістерді бекітті. Қазір жедеғабыл-жүктерге қатысты қолданылатын ЖЖТД құны баламалы түрде 200 евродан аспайтын тауарларға қатысты пайдаланылады. Өзгерістер мұндай шекті баламалы түрде 1000 евроға дейін арттырады.
Баж және салықтар төлеумен ұштастырылмаған экспортқа және басқа рәсімдерге қатысты шешім жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң - 2022 жылғы қаңтарда күшіне енеді деп жоспарлануда.

Ішкі тұтыну үшін шығарылған кедендік рәсімге орналастырылатын тауарларға қатысты өзгерістер 2023 жылғы 1 сәуірден кейін қолданыла бастайды. Бұл мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасында ақпараттық алмасуды қамтамасыз ету үшін кеден органдарының ақпараттық жүйелерін пысықтау қажеттігіне негізделген.

«Біздің пікірімізше, бұл өзгерістер декларацияның осы оңайлатылған нысанын қолдану практикасын кеңейтуге, соның ішінде экспортқа қатысты, жедеғабыл-жүктерге қатысты кедендік операциялар жасау жылдамдығын арттыруға ықпал етеді. Өзгерістер халықаралық стандарттармен, атап айтқанда Дүниежүзілік кеден ұйымының стандарттарымен ұштасады»,- деп атап өтті ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов.


Анықтама:

Арнайы құрылған жұмыс тобы шеңберінде жедеғабыл-жүктерге кеден әкімшілігін жүргізуді жетілдіру бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде.
2019 жылдан бастап Алқаның жедеғабыл-жүктерді кедендік декларациялауға қатысты шешімдерінің пакеті күшіне енді, олардың арасында - Алқаның 2018 жылғы 28 тамыздағы №142 шешімі бар.

Осы шешіммен ЖЖТД толтыру нысаны мен тәртібі бекітілген, сондай-ақ тауарға декларацияның осы оңайлатылған нысанының шарттары жан-жақты жазылған.

№142 шешім тауар айналымы шеңберінде заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің және т.б. атына өткізілетін тауарларға қатысты оларды кедендік рәсімге жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен орналастыра отырып қолданылады.

Дүниежүзілік кеден ұйымының тауарларды дереу шығару жөніндегі Нұсқамасына сәйкес тауарлар шығару мақсаты үшін тауарлардың бірнеше санаты, соның ішінде декларацияның оңайлатылған нысаны қолданылатын, кедендік баж салынатын тауарлардың жеке санаты көзделген.