Նորություններ

22.12.2021 (Обновлено: 04.04.2022 17:09)

Одақта цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі шеңберінде цифрлық инфрақұрылымды іске асыру үшін жұмыс тобы құрылады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 21 желтоқсандағы отырысында «ЕАЭО цифрлық көлік дәліздері экожүйесінің ұлттық сервистерінің ақпараттық-коммуникациялық «көрме-сөресін» құру» жобасын үйлестіру жөнінде жұмыс тобын қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі болып ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, АКТ жөніндегі министрі Варос Симонян тағайындалды. Отырыс барысында жобаны үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы туралы ереже және оның құрамы мақұлданды, оған Одақ елдері уәкілетті органдарының өкілдері кірді. Жұмыс тобының негізгі міндеттерінің бірі – жұмыс қағидаттарын айқындау және жобаны іске асыру барысында жетекші сарапшылармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру.

«Мұндай цифрлық шешім құру көлік және транзит әлеуетінің дамуына жаңа серпім береді, цифрлық құралдарды қолдану негізінде бірыңғай көлік-логистика нарығын қалыптастыруды қамтамасыз етеді, бұл ЕАЭО елдерінің саудасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», — деп пайымдайды ЕЭК Алқасы Төрағасының көмекшісі Максим Галл.

Оның сөзінше, Комиссия Одақ мемлекеттерімен бірлесіп үлкен жұмыс жүргізді және қазір үйлестіру тобының жалпы техникалық және технологиялық саясаттың қағидаттарын қалыптастыруы, техникалық тапсырма жобасын бекітуі және жобаны практикалық іске асыруға көшуі қажет.

Экожүйелік цифрлық шешімдерге ауысу Одақ елдерінің экономиканың нақты секторындағы процестердің тиімділігі өсуі үшін берік технологиялық негіз қалауын, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттіліктің өсуін, Еуразиялық интеграцияның келесі кезеңдері үшін жағдайлар жасауын қамтамасыз етуге тиіс.

Жобаны іске асыру барысында базалық технологиялық құрауыштар мен цифрлық инфрақұрылым жасалатын болады, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін кейіннен қалыптастыру үшін құқықтық аспектілерді игеріп шығу жүргізіледі. Жобада сервистер мен технологиялық шешімдердің тұтас бір типтік түпүлгілерін жасау көзделген. Олардың қатарында – мүше мемлекеттердің аумағы бойынша өтетін магистралдық автомобиль жолдарының және халықаралық көлік дәліздерінің инфрақұрылымдық объектілерінің цифрлық картасы мен дерекқоры, мүше мемлекеттің автомобиль өткізу пунктіндегі кезекті брондау жөніндегі сервис және басқалар бар.

Ұлттық сервистердің ақпараттық-коммуникациялық «көрме-сөресі» ұлттық сервистердің технологиялық дайындығын ескере отырып, тасымал процесінің қажетті хабардарлығы мен үйлестірушілік деңгейін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде тасымалдың жіксіз цифрлық процесі қалыптасады және Еуро-Азия континенті ішінде ашық әрі қолайлы ақпараттық-коммуникациялық ортаны дамыту үшін жағдай жасалатын болады.