Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 29 қаңтардағы отырыста Кеден одағының «Қаптаманың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің стандарттар тізбесін өзектендірді.
Стандарттар тізбесіне енгізілетін өзгерістер стандарттардың тиісті тізбелеріне енгізілген стандарттарды қабылдауға, қолдануға, жаңартуға және күшін жоюға жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша дайындалды. Өзгертулердің мақсаты – стандарттардың өзекті нұсқаларын қолдану жағдайларын жасау және олардың әзірленуіне және қолданысқа енгізілуіне қарай ұлттық стандарттардан мемлекетаралық стандарттарға жоспарлы түрде көшу.
Талаптардан тұратын стандарттар тізбесіне 158 стандарт қосылған. Оның ішінде 154 мемлекетаралық стандарт (оның 19-ы халықаралық стандарттар негізінде, 7-еуі еуропалық стандарттар негізінде қабылданды); Беларусь Республикасының екі ұлттық стандарты, Қазақстан Республикасының ұлттық стандарты және Ресей Федерациясының ұлттық стандарты.
Сынақ әдістерін белгілейтін стандарттар тізбесіне 233 стандарт енгізілді, оның ішінде: 176 мемлекетаралық стандарт (халықаралық стандарттар негізінде 27, еуропалық стандарттар негізінде екеуі қабылданды); Беларусь Республикасының 15 ұлттық стандарты, Қазақстан Республикасының 9 ұлттық стандарты, Ресей Федерациясының 13 ұлттық стандарты; сынақтардың 13 ведомстволық әдістемесі (әдістеме мәтіндеріне қолжетімділік туралы ақпарат комиссияның ресми сайтында «Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті» бөлімінде жарияланған).
Ауыстырылатын стандарттарға қатысты оларды қолдану бойынша өтпелі кезең белгіленді.