25 маусымда Беларусь Республикасының Молодечно қаласында Беларусь және Ресей өңірлерінің XIII форумы шеңберінде Одақтас мемлекеттің Стандарттау және сапа жөніндегі комитетінің бірінші отырысы болып өтті. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Александр Субботин қатысты.
Отырыста осы жылғы ақпан айында құрылған Комитеттің ішкі нарықтарды қауіпсіз емес өнімдерден қорғау, сауда тосқауылдарын болдырмау, тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үйлестіру алаңы болуға бағытталғаны атап өтілді.
Стандарттауды дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін ескере отырып, Комитеттің жұмысын таяу болашаққа жоспарлау мәселелері қаралды.
Александр Субботин Одақтас мемлекет пен Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде техникалық реттеу саласындағы нормашығарым қызметін қадамдастыру жөнінде бастама көтерді.
"Біз Одақтас мемлекеттің Стандарттау және сапа жөніндегі комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылы Одақтас мемлекет шеңберінде де, ЕАЭО кеңістігінде де техникалық реттеу саласындағы алдағы жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз. Біздің ортақ мақсатымыз – өнімнің қауіпсіздігін, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ өзара саудадағы техникалық тосқауылдарды дәйекті түрде жою", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Еуразиялық экономикалық одақта ішкі нарықты қорғаудың бірегей инфрақұрылымы құрылды. Ресей мен Беларусь ЕАЭО техникалық регламенттеріне стандарттарды әзірлеу бағдарламалары шеңберінде стандарттау жөніндегі жұмыстың елеулі бөлігін орындайды. Одақтың стандарттау саласындағы құзыреттерін кеңейту жаңа Комитетпен тығыз үйлестіруді талап етеді.