Андрей Слепнев: "ЕАЭО-да тауарлардың электрондық саудасы туралы келісім жобасы бойынша қағидатты уағдаластықтарға қол жеткізілді"
10.12.2024

Электрондық сауда мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобы (ЖДЖТ) отырысының қорытындысында қалған проблемалық сәттер бойынша консенсус табылды және, сөйтіп, Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың электрондық саудасы туралы келісім жобасы бойынша қағидатты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

"Келісімнің негізгі міндеті — осы салада Одақтың кешенді құқығының болмауына және мүше мемлекеттерде өзінің нормативтік-құқықтық базасының белсенді дамуына байланысты электрондық сауда тауарларының еркін қозғалысы жолында тосқауылдардың туындау тәуекелін төмендету болып табылады", — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Келісімде материалдық және цифрлық тауарлар, сондай-ақ электрондық саудаға ілеспе көрсетілетін қызметтер Еуразиялық "бестік"елдерінде еркін тасымалданатын болады деп көзделген. Яғни, мүше мемлекеттер тауарларды немесе маркетплейстерді сатушыларға қатысты Одақ туралы шартта көзделмеген тарифтік, тарифтік емес және өзге де сипаттағы қандай да бір шектеулерді енгізбейді. Ал маркетплейстердің өзі ЕАЭО-ның басқа елдерінің сатушылары мен сатып алушыларын кемсітпеуге тиіс.

Барлық бес мемлекеттің заңнамасын бір мезгілде сақтау қажеттілігінен туындаған реттеушілік жүктемені азайту үшін Одақ деңгейінде ұлтүсті қағидалар пакеті қабылданатын болады. Жалпы қағидалар бойынша жариялы оферта, тауарлар карточкасы ресімделеді, тапсырыс туралы ақпарат шығарылады, сондай-ақ тауарлар мен ақшалай қаражатты қайтару жүзеге асырылады. Бұл тауарды сатып алатын елге қарамастан, қызметтің кепілдендірілген деңгейін алатын тұтынушы үшін де, бірыңғай платформада өз бизнес-процестерін стандарттай алатын сатушылар/маркетплейстер үшін де тиімді болады.

Сондай-ақ, электрондық сауданы "цифрға" ауыстыру жоспарлануда. Қазір өзара электрондық сауда дәстүрлі қағаз құжат айналымына негізделген, бұл нарықтың барлық қатысушысына қажетсіз ауыртпалық тудырады. Бұл шектеуді жою үшін ЕЭК Кеңесі айқындайтын базалық модельге сәйкес электрондық құжаттарды өзара тану мүмкіндігі көзделген.

Келісім интернетте тауар сатып алатын азаматтардың құқықтарын қорғау олар орналасқан елдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатындығын бағамдайды. Бұл тұтынушыны өз мүдделерін қорғау мүмкіндігінен айырған өзге елдердің құқығы бойынша іс жүргізуді болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, ЕАЭО-да тауарларды қайтару мерзімі бойынша — 14 күн ішінде бірыңғай норматив қолданылатын болады. Қазір бұл кезең айтарлықтай айырмашылықты.

Спам-таратылымдарды шектеу, дербес деректерді міндетті қорғау жөніндегі шаралар да бекітіліп, нарыққа кәсіби қатысушылар бірлестіктері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдары базасында дауларды сотқа дейінгі шешу жөніндегі құралдар ұсынылды. Бұл тәсілдеме Одақтағы барлық өзара электрондық сауданы бірқатар елде бар даулы жағдаяттарды икемді және жылдам шешудің ойдағыдай тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Реттеушілер үшін де белгілі бір артықшылықтар бар — бұл арада сөз өзара іс-қимылды айтарлықтай жеңілдету, ашық деректердің қолжетімділік деңгейін арттыру және электрондық саудаға қатысушылардың құқықтарын бұзуды алдын ала ескерту бойынша бірлескен механизмді қалыптастыру мүмкіндігі туралы болып отыр.

Болашақ Келісімнің базалық қағидаттары келісілгеннен кейін ЖДЖТ алаңында Комиссия мемлекетішілік келісуді жүргізу және құжат жобасына қол қою үшін қажетті рәсімилеу рәсімдеріне көшеді.