Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев Индонезиямен еркін сауда туралы келісімге қол қою қарсаңында Индонезия Республикасының сауда министрі Буди Сантосомен кездесу өткізді.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Индонезиямен тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сонымен қатар, біздің саудада әлі толық іске асырылмаған зор әлеует бар екенін жақсы түсінеміз», – деп атап өтті ЕЭК министрі.
Ол Индонезиямен еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздер 2022 жылғы желтоқсанда басталғанын және нәтижелі жұмыстың арқасында тауарлардың кең номенклатурасы бойынша өзара тиімді мәмілеге қол жеткізу жөнінде келісімдер жасалғанын еске салды.
Кездесу барысында министрлер ең алдымен сауда өсіміне кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға басымдық беруді көздей отырып, келісімнің болашақ іске асырылуы бойынша белсенді диалогты оның ратификация кезеңінде де жалғастыру қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Алдын ала хабарланғандай, ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда келісіміне қол қою 21 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық жоғарғы кеңес отырысы аясында жоспарланған.«Біз сондай-ақ келісімге қатысушы елдер экономикаларының болашағын айқындайтын даму бағыттарының кең ауқымы бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін ережелерді енгіздік. Басымдықтардың қатарында цифрлық сауда, логистика, ғылыми зерттеулер, энергия тиімділігі, озық медициналық технологиялар, бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобалары бар», – деп толықтырды Андрей Слепнев.