Андрей Слепнев: «ЕАЭО мен Моңғолия уақытша сауда келісімі бойынша келіссөздерді аяқтады және оған қол қоюдың рәсімдерін іске қосты"
14.05.2025

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімінің жобасын мақұлдады және оны мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін мүше мемлекеттерге жіберді.

"Моңғол тарапымен өткізілген қосымша консультациялардың қорытындысы бойынша әріптеспен уақытша сауда келісіміне қол қою үшін қажетті рәсімдер іске қосылды. Құжат әр тараптан 367 тауарлық қосалқы позицияны қамтиды", – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Ол келісімге қол қойылғаннан кейін және күшіне енген соң ЕАЭО елдері астық (бидай, арпа, жүгері), ет өнімдері (шошқа еті, тауық еті), сүт өнімдері (құрғақ сүт, йогурт, ірімшік, май), бал, өсімдік майлары (күнбағыс және соя), қант, металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, ГК прокаты, ХК прокаты, шыбықшалар, бұрыштықтар, құбырлар және т. б.), моторлы көлік құралдары (автомобильдер, автобустар, жүк көліктері, арнаулы техника, автокомпоненттер, тіркемелер және т. б.), химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластикалық плиталар мен бөлшектер), шиналар және т. б. сияқты қағидатты позициялар бойынша Моңғолия нарығына пұрсаттылықпен қол жеткізе алатынын нақтылай айтып өтті

"Сондай-ақ, біз олардың экспорттық қызығушылығындағы түйінді тауарларын: ет-сүт өнімдерін (жылқы етін, ірі қара етін, қой етін, ет консервілерін, қосалқы өнімдерді, йогуртты, ірімшікті және т. б.), жеңіл өнеркәсіп өнімдерін (атап айтқанда, жүнді, жіпті, сондай-ақ дайын трикотаж және тоқыма киімдерін) қоса, моңғол тауарларының өз нарығымызға келуін құптаймыз", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Андрей Слепнев уақытша сауда келісімін жасасу өзара сауданың одан әрі өсуі үшін қолайлы жағдайлар туғызатынына және тұтастай алғанда ЕАЭО мемлекеттерінің Моңғолиямен дәстүрлі достық қатынастарын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.