Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларына ЕАЭО ішінде және үшінші елдермен, атап айтқанда Қытай Халық Республикасымен жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру жөніндегі жоспарды іске асыру туралы жыл сайынғы баяндаманы ұсыну қарсаңында айтты.
Бұған дейін экономиканың барлық ықтимал салаларын цифрландырудың маңыздылығы туралы «бестік» елдерінің көшбасшылары бірнеше рет айтқан болатын. Жуырда Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің және оған орайластырылған Еуразиялық экономикалық форумның маусым айындағы отырысында Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян «цифрлық трансформацияны кедергілерді жою және өзара саудадағы ашықтықты арттыру құралы ретінде қарастыратынын» айтқан болатын. Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко да «шоғырланған еуразиялық көлік-логистикалық дәліздер бірыңғай цифрлық әкімшілік платформасы бар ақылды, мультимодальды экологиялық күре арналарға айналуы тиіс» деп атап өтті.
«Жалпы цифрландыру және жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басымдықтарының тізбесіне кіреді. Электрондық коммерция, цифрлық құжат айналымы, басқару және логистика бойынша автоматтандырылған жүйелер ЕАЭО елдері экономикаларының ажырамас элементтеріне айналды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тұрғыда ЕЭК-тің жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру бөлігіндегі қызметі тиісті практикалық жұмыстың нақты мысалы ретінде әрекет етеді, оның нәтижесі рәсімдерді жеңілдету және бизнес үшін шығындарды азайту, сондай-ақ тауарлар қозғалысын барынша жеделдету болып табылады.
«2024 жылға қарай ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы теміржол тасымалы кезінде цифрлық көлік құжаттарына көшуді қамтамасыз етті», – деп атап өтті Андрей Слепнев.
Атап айтқанда, «Ресей темір жолдары» ААҚ мен «Беларусь темір жолы» мемлекеттік бірлестігі арасында соңғы бірнеше жылда электрондық деректермен алмасу деңгейі кемінде 90%-ға жетті, ал қазақстандық «ҚТЖ «ҰК» АҚ және Ресей мен Қырғызстанның теміржол тасымалдаушылары арасында бұл деңгей 80%-дан асты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Федерациясының электрондық құжаттар бойынша тасымалдау көлемі Беларусь Республикасымен 90% және Қазақстан Республикасымен 79% құрады.
Тауарға берілетін электрондық ілеспе құжаттарға көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атап өту маңызды. Мәселен, «РТЖ» ААҚ тарапынан жүк жөнелтушіден/экспедитордан электрондық қолтаңбамен қол қойылған электрондық тауарға ілеспе құжаттарды кеден органдарына бере отырып және кедендік рәсім аяқталған кезде кедендік операцияларды жасау үшін «Беларусь темір жолы» мемлекеттік бірлестігіне бере отырып, өздерінің ақпараттық жүйелеріне қабылдау мүмкіндігі іске асырылды. Бұл технология Ресей мен Беларусь арасында «Интертран» жобасы аясындағы тасымалдау кезінде қолданылады.
Қазіргі уақытта ортақ кедендік процесті қолданысқа енгізу мақсатында «кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауды бақылау процесінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында электрондық құжаттармен және/немесе мәліметтермен алмасуды қамтамасыз ету» атты мемлекетаралық тестілеу жүргізіліп жатыр.
«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында теміржол жүк тасымалын цифрландырудан басқа, ҚХР-мен белсенді жұмыс жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресей мен Қытайдың теміржол тасымалдаушылары арасындағы дұрыс электрондық қатынастардың көлемі 90% құрады. Қазақстан мен Қытай теміржолдары арасында электрондық алмасуға жататын деректердің толықтығы мен сапа көрсеткіші 80-90%-ға жетті», – деп сөзін жалғастырды ЕЭК сауда министрі.
Ол жүк тасымалын цифрландыру бөлігінде ҚХР-мен ынтымақтастықтың маңызды кезеңі 2024 жылғы желтоқсанда трансшекаралық электрондық құжат айналымын жүзеге асыру үшін сертификаттар шығару бойынша Ресей мен Қытайдың теміржол тасымалдаушыларының куәландырушы орталықтарының өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. Бұл құжат екі елдің теміржолдары арасында электрондық қолтаңбаны қолдануды қамтамасыз етеді.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында «РТЖ» ААҚ мен «Қытай теміржолдары» МК арасында Забайкальск – Маньчжурия шекара өткелі арқылы экспорттық-импорттық қатынаста қағазсыз тестілік тасымалдар іске қосылды.
2025 жылы электрондық жүкқұжатпен ресімделетін тасымалдау географиясын біртіндеп кеңейту жоспарлануда.
Минскіде өткен маусым саммитінде ЕЭК-тің көлік дәліздерін цифрландыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығын ЕАЭО жанындағы байқаушы елдер президенттері өз сөздерінде атап көрсетті. Иран президенті Масуд Пезешкиан «цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту және ақпарат алмасуға және сауданың жаңа түрлеріне жәрдемдесу үшін инфрақұрылым құру» қажеттігін атап өтті. Ал Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев «Еуразиялық агроэкспресс, электрондық сауданы дамыту, жүк тасымалын цифрландыру және климаттық күн тәртібі сияқты жобалар мен бағдарламаларды қоса алғанда, ЕАЭО-ның маңызды бастамаларына» елдің белсенді қатысуына жеке тоқталды.