Андрей Слепнев: «ЕАЭО нарығына жеткізілімдерді ұлғайта түсуі үшін Моңғол бизнесіне қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз»
11.02.2026

Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде  ЕЭК  Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің Моңғолия Экономика және даму министрінің орынбасары Содномдаржаа Даваасурен бастаған Моңғолия министрліктері мен ведомстволарының басшыларымен кездесуі өтті.


Моңғолияның Бас кеден басқармасының, Моңғол стандарттау және метрология агенттігінің, Ветеринариялық медицина бас департаментінің, Ұлттық өсімдіктерді қорғау ұйымның басшылығы қатысқан кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты күшейтудің түйінді бағыттарын талқылады.

"Өзара іс-қимылды дамытудың драйвері Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы өткен жылдың жазында қол қойылған Уақытша сауда келісімі болып табылады. Номенклатураның шектеулі қамтылуына қарамастан, Келісім тараптарға негізгі саудаланатын барлық тауар бойынша экспортты ұлғайта түсуге мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, ауыл шаруашылығының әрі өнеркәсіп өнімдерінің экспорты өсуі үшін барлық алғышарт бар", – деп атап өтті Андрей Слепнев.

Кездесу барысында Уақытша сауда келісімін іске асыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге айрықша назар аударылды.

"Бұл жоспарға ЕАЭО-ның мүдделі мемлекеттері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін белсенді түрде ашуға бағытталған практикалық іс-шаралар кіруге тиіс. Жоспарды қалыптастыру кезінде ең алдымен бизнес-қоғамдастықтың, соның ішінде кедендік бақылау, саудадағы техникалық тосқауылдар және СФС-шаралар саласындағы, сондай-ақ электрондық сауда арналарын дамыту бөлігіндегі нақты сұраныстарын ескереміз", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі. 

Андрей Слепнев Ресей-Моңғол іскерлік форумының жұмысына да қатысты. Ол бизнеске жоғарыда аталған жоспарды іске асыру шеңберінде шешілуге тиіс негізгі міндеттерді ұсынды.

Атап айтқанда, Моңғолиядан ет және ет өнімдерін экспорттауды, соның ішінде мал шаруашылығы саласын вакциналармен қамтамасыз ету тұрғысында айтарлықтай арттыру мақсаты атап өтілді. Моңғол бизнесінің Одақтың кедендік қағидалары туралы хабардар болуын күшейту шаралары талқыланды. Моңғол өнімінің ЕАЭО-ның міндетті талаптарына сәйкестігін растай отырып, қиындықтарды шешудің бұдан арғы қадамдары белгіленді.

"Мәселелер бар және олар әрқашан оңай бола бермейді – сауда айтарлықтай өсу көрсетуі үшін көп нәрсе істеу керек болады. Бірақ біз бұл жолды моңғолдық әріптестерімен бірге жүріп өтіп, бизнеске барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз", – деп түйіндеді Андрей Слепнев.


 

Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші жағынан Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісіміне 2025 жылғы маусымда Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы "аясында" қол қойылды. Қазіргі уақытта тараптар Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ратификациялау рәсімдерін жүргізуде.

 

Скачать исходники фотографий