ҚХР-да шығарылатын дәнекерленген құбырларға қатысты демпингке қарсы баж қайта тергеп-тексеру уақытына орай ұзартылды
20.01.2026
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Қытай Халық Республикасында шығарылатын коррозияға төзімді (тот баспайтын) болаттан жасалған дәнекерленген құбырларға, түтікшелерге және қуыс пішімдерге қатысты демпингке қарсы бажды 2026 жылғы 12 қарашаны қоса алғандағы мерзімге дейін ұзартты.


Қолданылатын шараның мерзімі 2026 жылғы 13 наурызда аяқталуға тиіс-ті. Алайда ЕЭК Ішкі нарықты қорғау департаментінің атына өтініш түсіп, оны қарау нәтижелері бойынша 2025 жылғы 13 қарашада демпингке қарсы қайта тергеп-тексеру басталды.

ЕЭК сауда блогы бұл жайында: "Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік базасында қайта тергеп-тексеру жүргізу кезеңіне орай қолданыстағы демпингке қарсы шараны қолдану мерзімін ұзарту көзделген, ол басталған күннен бастап 12 ай ішінде аяқталуға тиіс", – деп хабарлады.

 

ҚХР-да шығарылатын дәнекерленген құбырларға қатысты демпингке қарсы баж Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2021 жылғы 9 ақпандағы № 12 шешіміне сәйкес белгіленді. Баж мөлшері өндірушісіне байланысты кедендік құнның 14,62-ден 17,28%-на дейін құрайды.