Жаңалықтар

06.10.2023

Армен Арутюнян ЕАЭО елдеріндегі органикалық ауыл шаруашылығының дамуы туралы әңгімеледі

Ресейдің "Алтын күз" агроөнеркәсіптік көрмесі алаңында Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған "Органикалық өнім өндірісін дамыту стратегиясы" панельдік пікірсайысы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян Еуразиялық экономикалық одақта органикалық өнімнің ортақ нарығын қалыптастыру туралы әңгімеледі.


ЕЭК өкілі ЕАЭО шеңберінде халықаралық шарт әзірлеуді өзіне кірістіретін тиісті жол картасын Одақ елдерінің Үкімет басшылары бекіткенін хабарлады. Бұл келісім органикалық өнімнің еркін қозғалу қағидаттарын, сондай-ақ ЕАЭО-ның жалпы нарығына үшінші елдерден келетін осындай өнімнің импортын реттеу тәсілдемелерін, органикалық өнімді өндіруге, сертификаттауға және таңбалауға қойылатын бірыңғай талаптарды, органикалық өнімнің айналысы және оның статистикалық есебін жүргізу саласындағы ақпараттық жүйенің жалпы параметрлерін айқындайды.

ЕЭК келісімнің жобасын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп әзірледі, ал оның ережелері "Органикалық тамақ өнімдерін өндіруге, өңдеуге, таңбалауға және өткізуге арналған нұсқама" CAC/GL 32-1999 Алиментариус Кодексінің жалпы мақсаттары мен талаптарына сәйкес келеді. Қазір келісім жобасын мемлекетішілік келісу аяқталып келеді және таяу уақытта құжат қол қоюға дайын болады.

Армен Арутюнян Одақ мемлекеттеріндегі органикалық өндірістің даму серпіні жоғары екенін, мұның жалпыәлемдік трендтерге сәйкес келетінін атап өтті. Осыған байланысты сертификаттау органдарының дамыған желісін, өндірушілердің қажетіне арналған электрондық ресурстарды өзіне кірістіретін қажетті инфрақұрылымды құруды қамтамасыз ететін ынталандырушы шаралар қажет.

"Одақта органикалық өнім өндірісін арттыру үшін әлеует бар екені айқын, біз мұнымен органикалық ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді мемлекеттік саясаттың шеңберінде жұмыс істеуге тиіспіз. ЕАЭО шеңберінде бірыңғай нарық құру Одақтың органикалық секторын дамытуға қосымша серпім береді", - деп атап көрсетті ЕЭК өкілі.

ЕЭК Департаментінің директоры органикалық ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесі бойынша Комиссия сарапшылары дайындаған шолу туралы айтты, онда органикалық өнімнің жаһандық нарығының үрдістері мен перспективалары, жетекші өндіруші елдер мен ЕАЭО мемлекеттеріндегі секторды дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат, сондай-ақ ауыл шаруашылығының осы секторын мемлекеттік қолдау бойынша Одақ елдеріне ұсыным қамтылған.

Армен Арутюнян аталған салада білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап көрсетті және 2021 жылы қол қойылған Одақ елдерінің өнеркәсіп пен АӨК үшін кадрлар даярлау саласындағы өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі меморандум шеңберінде органикалық өнім өндірісі мәселелері бойынша ЕАЭО мемлекеттері үшін бірлескен білім беру курстарын ұйымдастыруды ұсынды.

"Бүгінде Комиссия Шолуда ұсынылған бірқатар органикалық өнім өндірісін қолдау құралдарының стратегиялық сипаттағы ұлттық құжаттарға кірістірілгенін қанағатанарлықпен атап өтеді", - деп түйіндеді Армен Арутюнян.