Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Кожошев 13 қазанда Мәскеуде өткен "Еуразиялық логистика күні" халықаралық форумының пленарлық сессиясы шеңберінде мәлімдеді. Іс-шараны Еуропалық бизнес қауымдастығы (ЕБҚ) және Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесі (ТТҮК) ұйымдастырды.
Арзыбек Кожошев ЕАЭО үш басымдыққа: тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге, көлік жүйесінің тиімділігі мен байланыстылығын арттыруға, көлік қызметтерін көрсетудің ортақ нарығын құруға шоғырланғанын атап өтті. Бұл мақсат халықаралық үйлестіру, инфрақұрылымдық жобалар және жаһандық логистика тосқауылдарын жоятын және жаңа мүмкіндіктер ашатын цифрлық технологияларды ендіру арқылы жүзеге асырылады.
Көлікті цифрландыру, атап айтқанда, электрондық жүкқұжаттарды, навигациялық пломбаларды ендіру және интеллектуалдық көлік жүйелері тұжырымдамасын іске асыру есебінен цифрландыру халықаралық логистиканың тиімділігін айтарлықтай арттырады, оны жіксіз ете отырып, әкімшілік тосқауылдарды азайтады. Сайып келгенде, мұның бәрі елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне оң әсер етеді, деп атап өтті Арзыбек Кожошев.
Бұл ретте ЕАЭО "Бір белдеу – бір жол", Солтүстік теңіз жолы және Транскаспий маршруты жобаларын қоса, жаһандық бастамалармен өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Балтық теңізінен Каспий арқылы Үнді мұхитына дейінгі "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізінің дамуы жеделдеуде, ал Астрахан мен Ақтау порттарын жаңғырту және жаңа темір жолдар қазірдің өзінде жүк ағынының өсуіне оң әсерін тигізуде.
"ЕАЭО елдерінің көлік инфрақұрылымы геосаясаттың, экономиканың және технологиялардың сыни шақырыстарына тап бола отырып, белсенді трансформациялау сатысында тұр. Алайда перспектива оптимистік болып қала береді: өңір бірлескен бастамалардың, цифрландырудың және халықаралық ынтымақтастықтың арқасында әлемдік көлік жүйесінің түйінді торабы бола алады", — деп атап өтті сөзінің соңында Арзыбек Кожошев.