Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев БҰҰ штаб-пәтерінде (Нью-Йорк) "Энергетикалық ауысу жағдайындағы ЕАЭО энергетикасы: сыни шақырыстар мен артықшылықтар" тақырыбында баяндама жасады. Бұл сөз сөйлеу БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумында (ЖДСФ-2025) "Жаһандық Оңтүстікте энергетикалық ауысуды жеделдету: орнықты экономикалық өсуге жәрдемдесу және стратегиялық әріптестіктерді жолға қою" іс-шарасы шеңберінде өтті.
ЕЭК министрі өз сөзінде 2017 жылы әлем төртінші энергетикалық ауысу кезеңіне кіргенін, соның шеңберінде жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, энергия үнемдеу технологиялары белсенді дамып, көміртексіздендіру процестері күшейіп келе жатқанын атап өтті. Бұл жағдайда әрі дәстүрлі және әрі жаңартылатын энергия көздерінің теңдестірілген дамуы маңызды болып табылады. Мұндай тәсілдеме ғана әрі ұлттық және әрі жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады, деп есептейді министр.
Арзыбек Кожошев ЕАЭО-ның айтарлықтай энергетикалық ресурстарға: әлемдік газ қорының 20%-ына, көмір қорының 20%-ына, мұнай қорының 7%-ына және әлемдік электр энергиясын өндірудің 5%-ына ие екенін баса баяндай келіп, "бестік" елдерінің жоғары энергетикалық әлеуетін атап көрсетті.
Электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құруды, трансшекаралық инфрақұрылымды дамытуды және ЕАЭО-ға қатысушы елдердің климаттық күн тәртібін үйлестіруді қоса, интеграциялық бастамаларға айрықша назар аударылды. Басымдықтар қатарында халықаралық әріптестермен өзара іс-қимыл және бірлескен жобаларға деген ашықтық атап өтілді.
Министр Форумның ұйымдастырушылары мен Энергетикалық жүйелерді жаһандық біріктіру саласындағы даму және ынтымақтастық ұйымына (GEIDCO) орнықты энергетиканы ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, GEIDCO тәжірибесіне практикалық қызығушылық бар екенін баса көрсетті.