Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Қожошев VIII Қырғыз-Ресей экономикалық форумы аясында өткен "Жаһандық тұрақсыздық: өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тәуекелдер мен мүмкіндіктер" атты сессияда Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сыртқы сын-қатерлерді ұзақ мерзімді өсім нүктелеріне айналдыруға мүмкіндік беретін негізгі интеграциялық тетіктерді атап өтті.
ЕЭК министрі атап өткендей, соңғы айлар жаһандық энергетикалық нарықтың дамуын айқын көрсетті. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі "тәуекел сыйақысының" әсерінен мұнай бағасының күрт өсуіне бірнеше рет себеп болды, бұл сарапшылардың бағалауы бойынша жекелеген кезеңдерде дағдарысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда 15-18%-ға дейін жеткен.
"Мұндай сыйақы тез пайда болады, бірақ дәл сол сияқты тез жоғалып кетуі де мүмкін, ал оның артынан тұрақтылық емес, құбылмалылықтың кезекті толқыны келеді", – деп атап өтті Арзыбек Қожошев.Ол биылғы жылдың көктемінде Таяу Шығыс жеткізілімдеріне тәуелді елдер стратегиялық резервтеріндегі ондаған миллион баррель мұнайды пайдалануға мәжбүр болғанын еске салды, ал сарапшылар қазіргі жағдайды әлемдік экономика үшін COVID-19 пандемиясынан, геосаяси дағдарыстан және 2025 жылғы сауда соғыстарынан кейінгі ұсынысқа байланысты төртінші ірі күйзеліс ретінде бағалап отыр. ЕЭК министрінің бағалауы бойынша, Орталық Азия өңірі аталған осалдықты ерекше сезініп отыр: маусымдық сипат қысқы кезеңде электр энергиясының елеулі тапшылығын қалыптастырады, ал мұнай өнімдері мен табиғи газға деген базалық қажеттіліктің басым бөлігі сыртқы жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіледі.
Арзыбек Қожошев әлемнің көптеген өңірлік бірлестіктерінен айырмашылығы Еуразиялық экономикалық одақтың өзінің айтарлықтай энергетикалық базасы бар екеніне назар аударды. Одақтың бес мемлекетінің үлесіне табиғи газдың әлемдік қоры мен өндірісінің 20%, көмірдің әлемдік қорының 20%, мұнайдың әлемдік қорының 7% және әлемдік өндірісінің 15%, уранның әлемдік қорының 21% және әлемдік өндірісінің 43%-ы, сондай-ақ электр энергиясының әлемдік өндірісінің шамамен 5% тиесілі, ал ЕАЭО өнеркәсіп өндірісіндегі отын-энергетика кешенінің үлесі 30%-дан асады.
Арзыбек Қожошевтің айтуынша, дәл осы міндетті шешу мақсатында ЕАЭО аясында электр энергиясының, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары қалыптастырылып жатыр. Аталған нарықтарды іске қосу алдағы бірнеше жылда күтілуде. Бұл Одақ кеңістігіндегі барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін энергия ресурстарына кемсітусіз, тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс."Одаққа негізгі энергия ресурстарын сырттан импорттаудың қажеті жоқ, басты мәселе оларды тиімді пайдаланып, ресурстарды бірлестік ішінде ұтымды қайта бөлудің тетіктерін қалыптастыру", – деді ЕЭК министрі.
ЕЭК министрі тұрақсыздыққа екінші жүйелі жауап ретінде энергия балансын әртараптандыруды, яғни атом және гидроэнергетиканы, энергия үнемдеуді және энергия жинақтау жүйелерін дамытуды қоса алғанда, дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері арасындағы экономикалық негізделген арақатынасты іздеуді атады. Бұл бағыттар Одақ мемлекеттерінің басшылары бекіткен "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясында ұзақ мерзімді басымдық ретінде бекітілген.
Баяндамалардың жеке блогы көлік саласына арналды. Арзыбек Қожошев жаһандық жеткізу тізбегінің өзгеруі және сауда ағындарының Парсы шығанағынан теңіз жолдарынан құрлық дәліздеріне қайта бағдарлануы жағдайында ЕАЭО мен Орталық Азия өздерінің географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуетінің арқасында Еуразияның қалыптасып келе жатқан көлік архитектурасының негізгі элеменіне айналатынын атап өтті.
Ол басым инфрақұрылымдық жобалар ретінде Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын және "Солтүстік – Оңтүстік" меридиандық дәлізін дамыту жобаларын атады, бұл ретте Қазақстан мен Ресейдегі негізгі теміржол тораптарының жүктемесі өткізу қабілетінің ең жоғары деңгейіне жеткенін ерекше атап өтті."Халықаралық көлік дәліздері туралы сөз болғанда, көп жағдайда "бәсекелестік" және "бақталастық" ұғымдары қолданылады. Мен бұл ретте "толықтыру" және "әртараптандыру" ұғымдарын қолданғанды жөн көрер едім. Қазіргі жағдайда бағыттардың неғұрлым көп болғаны соғұрлым тиімді", – деді ЕЭК министрі.
Осы жағдайларда тиімді логистиканы қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қажет екеніне тоқталған Арзыбек Қожошев Комиссия жұмысының үш негізгі бағытын атап өтті: цифрландыруды, атап айтқанда халықаралық автомобиль тасымалдарында e-CMR электрондық жүкқұжатын қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды (қазіргі таңда Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара тасымалдардың шамамен 90%-ын қағазсыз форматқа көшірді, ал Қырғызстан бұл процеске белсенді түрде қосылып жатыр); заңнаманы үйлестіру және жақындастыру – осы жылдың мамыр айында ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ЕАЭО-ның негізгі автомобиль жолдары бойынша қозғалысқа арналған көлік құралдарының бірыңғай салмақтық және габариттік параметрлері туралы келісім күшіне енді; 2024 жылдан бастап қолданыста болған өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кооперацияны қаржылық қолдау тетігіне ұқсас көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобаларды қолдау тетігін пысықтау.