Арзыбек Кожошев Қырғызстан экономикасының мәселелері жөніндегі конференцияға қатысты

ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев 23 қазанда Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өткен ғылыми-практикалық конференция барысында энергетика мен көліктің Еуразиялық интеграция тұрғысындағы дамуы туралы айтып берді.

ЕЭК министрі Қырғыз Республикасының ЕАЭО туралы шартқа қосылған сәтінен бастап Қырғызстанның экономикалық дамуындағы оң өзгерістер туралы айтты. Экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына елеулі үлес қосатын энергетикалық және көлік жүйелерін құру және жаңғырту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Арзыбек Кожошев конференцияға қатысушыларды энергия ресурстары нарығының қалыптасу барысымен, Одақтың көлік саласындағы жағдаятпен, сондай-ақ іске асырылуы ел экономикасының дамуына ықпал ететін Қырғыз Республикасының неғұрлым маңызды жобаларымен таныстырды.

"Қырғызстанның географиялық орналасуы мен жоғары энергетикалық әлеуеті тек көлік-логистикада ғана емес, өңірдің энергетика саласында да қарымды ойыншының бірі болуының алғышарттарын жасайды", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Ол Қырғызстанның Экономика және коммерция министрлігіне конференцияны ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін алғысын білдірді.
Іс-шараға Қырғызстанның мемлекеттік билік және ғылыми топтарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қаржыландыру институттарының басшылары қатысты.