Тараптар автомобиль көлігін дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Ағымдағы жұмыстың түйінді бағыттарының бірі деп тасымал процесін цифрландыру аталды, бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерге сәйкес келеді. Кездесу барысында навигациялық пломбаларды ендіруге және интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға айрықша назар аударылды.
Арзыбек Кожошев ЕАЭО-ның барлық мемлекетінің қатысуымен e-CMR электрондық көлік жүкқұжатын қолданудың пилоттық жобасын іске асыру туралы хабарлады. Ол Пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі бейінді жұмыс тобының отырысында тараптар қажетті технологиялық құжаттардың барлық пакетін келіскенін атап өтті.
Келіссөздерде "бестік" елдерінің көлік саласындағы интеграциясының негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының ("жол картасының") жобасын дайындау туралы сөз болды. Құжатты ЕЭК Кеңесі жыл соңына дейін бекітуді жоспарлап отыр.
Жүк автотасымалы және өткізу пункттері жұмысын қадамдастыруды қоса, жіксіз көлік дәліздерін құру мәселелеріне бөлекше назар аударылды.
Кездесу соңында Арзыбек Кожошев 2026 жылы Көлік саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесіне төрағалық ету Қазақстан Республикасына өтетінін атап өтті.
Тараптар Қазақстан өз төрағалығы кезеңінде ЕАЭО көлік саласындағы интеграциялық процестерді дамыту бойынша белсенді жұмысты қамтамасыз етеді деп сенім білдірді.