ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Қазанда өткен ТМД Электрэнергетикалық кеңесінің 68-ші отырысына қатысты. Бұл іс-шарада алғаш рет Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері сөз сөйледі.
Отырыс шеңберінде ЕЭК министрі ЕАЭО елдерінің ортақ электрэнергетикалық нарықты қалыптастыру жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті және электр энергиясының трансшекаралық орталықтандырылған саудасы механизмін құру "бестік" елдерінің мемлекетаралық қатынастары үшін жаңа нәрсе болғанын атап өтті."Біздің бірлестіктеріміз – ТМД, ШЫҰ және ЕАЭО-ның күш-жігерінің синергиясы елдерімізге қазір әлемдік экономикада, ең алдымен энергетикада байқалып отырған сын-қатерлерді еңсеруде жаңа шешімдер табуға көмектесетініне сенімдімін", – деп мәлімдеді Арзыбек Кожошев.
Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда ТМД Электрэнергетикалық кеңесінің қатысуымен Одақ нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін соңғы құжат болып табылатын ортақ электрэнергетикалық нарыққа қосылу туралы шарт нысанының жобасын "бестік" мемлекеттері сарапшыларының келісуі жалғасуда.
"ЕАЭО-ның ортақ электрэнергетикалық нарығын іске қосу ашық баға белгілеуді, тең бәсекелестікті және трансшекаралық электр энергиясы саудасына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап көрсетті министр.