Арзыбек Кожошев: "Энергетика саласындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер объективті бағалауды ғана емес, сонымен бірге ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын дамыту жөніндегі перспективалық шешімдерді де талап етеді"

26 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссияның Мәскеудегі штаб-пәтерінде Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министр Арзыбек Кожошевтің төрағалық етуімен энергетика мәселелері бойынша ғылыми-сарапшылық кеңес болып өтті.

Іс-шара барысында бейінді министрліктердің, ғылыми және сарапшылық ұйымдардың өкілдері жаһандық энергетикалық нарықтардағы өзгерістерді, сондай-ақ биржалық сауда-саттықты ұйымдастыруды қоса, ЕАЭО-ның ортақ газ нарығындағы газ саудасының нарықтық механизмдерін ескере отырып, ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын дамытудың перспективаларын талқылады.

"Соңғы жылдары энергетика саласы жаһандық сипаттағы елеулі сын-қатерлер мен күйзелістерге тап болды Осы өзгерістерді ескере отырып және Еуразиялық экономикалық одақтың орнықты даму мүддесіне орай біз ортақ газ нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі деңгейдегі алдағы қадамдары мен перспективаларын белгілеуіміз керек", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев.

Ғылыми-сарапшылық кеңес қатысушыларының пікірінше, ЕАЭО ортақ газ нарығының перспективалық бағыттарының ішінде инфрақұрылымды, биржалық механизмдерді дамытуды, газ-моторлы отын нарығын дамытуды және газ химиясы мен төмен көміртекті күн тәртібі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды бөліп көрсетуге болады.

"Бүгінгі қиын экономикалық жағдайда Еуразиялық интеграцияның артықшылықтарын тиімді пайдалану бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін біріктіру маңызды", — деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев.