Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО-дағы он жыл ішінде Қырғызстан үлкен жолдан өтті"
13.08.2025
13 тамызда VII Қырғыз-Ресей экономикалық форумы шеңберінде Бостеріде (Қырғыз Республикасы) Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа кіруінің 10 жылдығына арналған халықаралық конференция болып өтті.

Іс-шараның модераторы ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев болды. Ол Еуразиялық интеграцияның Одақ елдерінің экономикасын дамыту үшін мағыналы да мәнді болғанын атап көрсете келіп, өткен онжылдық ішінде Қырғызстан ЕАЭО шеңберінде елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

"Бүгінгі конференция — жай ғана қорытындыларды шығару емес, болашаққа деген көзқарас. ЕАЭО-ға мүше болған уақыт ішінде Қырғызстан бірыңғай қағидаларға бейімделуден бастап интеграциялық күн тәртібін қалыптастыруға белсене қатысуға дейінгі үлкен жолдан өтті. Біз Одақтың сауда, өнеркәсіптік кооперация және іскерлік ахуалды жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын көріп отырмыз", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев.

Пікірсайыс барысында экономикалық тұрақтылықты нығайтуды, цифрлық трансформацияны, өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны, инвестициялық ынтымақтастықты, агроөнеркәсіптік кешендерді интеграциялауды қоса, ЕАЭО дамуының түйінді мәселелері қозғалды.

Іс-шара қорытындысы бойынша интеграциялық процестерді тереңдету, ғылыми және бизнес-әріптестікті нығайту, ЕАЭО шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ұсынымдарды қамтитын қарар қабылданды.

Конференция ашық та сындарлы диалогтың ұзақ мерзімді даму мен ЕАЭО елдері азаматтарының әл-ауқатын арттыру жолында нысаналы шешімдерді табуға мүмкіндік беретінінің үлгісі болды.

Іс-шараның қонақтары мен спикерлерінің арасында Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев, Қырғызстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті және экс-премьер-министр Темир Сариев, Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыков, Беларусь және Ресей Одақтық мемлекетінің мемлекеттік хатшысы Сергей Глазьев болды.

Конференция жұмысына ЕАЭО елдері мен байқаушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының, іскер топтарының, сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.



Скачать исходники фотографий