Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 6-7 тамызда Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес делегациялары басшыларының отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесуге қатысты.
Тараптар Еуразиялық экономикалық күн тәртібінің өзекті тақырыптары бойынша пікір алмасты.
Қырғызстан басшысы ЕМҮК мүшелері Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты мәселелердің кең ауқымын талқылайтынын атап өтті.
Атап айтқанда, отырыста сауданы, энергия ресурстары нарығын дамыту, салықтық әкімшілендіру, экономиканы цифрландыру перспективалары сияқты мәселелер талқыланатын болады.
Сонымен қатар, бірқатар маңызды халықаралық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.
Кездесуге Еуразиялық үкіметаралық кеңестің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.