Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша 6,6 млн контрафактілік тауар анықталды. Зияткерлік меншік саласында 1465 бұзушылық тіркелді. Бұл деректер ЕЭК Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында ұсынылған ЕАЭО елдеріндегі зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы құқық қолдану практикасының 2024 жылғы мониторингі туралы есепте көрсетілді.
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, жаппай сұранысқа ие тауарлар неғұрлым жиі қолдан жасалады.
Отырысқа қатысушылар ЕАЭО шеңберіндегі зияткерлік меншік саласындағы түйінді бастамаларды талқылады. Басты назарда болған — Интернет желісіндегі бұзушылықтардың жолын кесуге орайлас келісілген тәсілдемелерді әзірлеу, өнеркәсіптік меншік объектілерін тексеру үшін іздеу сервисін құру."Антирейтингтің басында күнделікті сұранысқа ие тауарлар: киім мен аяқ киім, тұрмыстық техника, автокөлік қосалқы бөлшектері, сондай-ақ парфюмерия мен косметика тұр. Нақ осы санаттар құқық бұзушылар үшін неғұрлым осал", — деп мәлімдеді ЕЭК министрі.
Бұл шаралар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі жоспардың бір бөлігі болып табылады және бизнес пен тұтынушылар үшін қауіпсіз және ашық орта құруға бағытталған.
Сондай-ақ ЗМ объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін іске қосу және тауар белгілері мен ЕАЭО тауарлары шығарылған жердің атауын тіркеу жүйесін енгізу талқыланды.
Бұдан басқа, кеден органдары мен құқық иеленушілер арасында электрондық ақпарат ауысуды ұйымдастыру және ұжымдық негізде Авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу мүмкіндігі қаралды.
Құрамына қатысушы елдердің бейінді министрліктерінің басшылары мен бизнес өкілдері кіретін ЕЭК Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитет 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Оның түйінді міндеті — ЕАЭО шеңберінде ЗМ қорғау саласында келісілген шешімдер әзірлеу.