26 маусымда Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форумда «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытындылар және перспективалар» атты пленарлық отырысы болды.
Іс-шараның негізгі спикерлері Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекет басшылары: Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев болды.
Форумға құрметті қонақ ретінде Куба Республикасының Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, Мьянма Одағы Республикасының Премьер-министрі Мин Аун Хлайн, Никарагуа Республикасының Беларусь Республикасымен жұмыс жүргізу жөніндегі тең Президенттерінің арнайы өкілі Лауреано Ортега Мурильо қатысты.
ЕЭК Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев форумда Одақтың жұмыс істеу қорытындыларын және интеграцияны одан әрі дамыту перспективаларын ұсынды.
«Еуразиялық экономикалық одақ өзі құрылған сәттен бастап тұрақты даму серпінін көрсетіп келеді. Он жыл ішінде ЕАЭО елдерінің жиынтық ЖІӨ шамамен 18%-ға, яғни 2014 жылғы 1,6 трлн доллардан 2024 жылы 2,6 трлн долларға дейін өсті. Одақтың әлемдік экономикадағы үлесі 4,2%-ға дейін артты. Өзара тауар айналымы екі есеге артып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 100 млрд долларға жетті. Бұл ретте есеп айырысулардың 93% ұлттық валютада жүргізіледі. ЕАЭО елдері арасындағы қызметтер экспорты 86%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 3% дейін төмендеді», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Интеграциялық бірлестік қызметінің маңызды қорытындыларының ішінде ЕЭК Алқасының басшысы еңбек нарығында ырықтандырудың жоғары дәрежеге қол жеткізгенін, экономиканың 142 секторында көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының қолданылуын, саудадағы 100-ден астам кедергілердің жойылғанын, 52 техникалық регламенттің қабылданғанын, азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейінің 92% жеткенін атады.
Экономиканың нақты секторларын дамыту үшін өнеркәсіпте кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмі іске қосылды.
Цифрлық трансформацияның жоғары қарқынын ескере отырып, экономиканың барлық салаларында бірыңғай цифрлық кеңістікті құру бойынша жұмыс жалғасуда.
«Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге ықпал етеді. Біздің міндет – барлық процесті жылдам, ыңғайлы және қауіпсіз ету. Кедендік рәсімдерді цифрландыру, мысалы, тауарларды шығару мерзімін алты есеге қысқартты», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Он жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық аренадағы позициясы айтарлықтай нығайды. Бұған сыртқы сауда айналымының 40%-ға өскені дәлел болып табылады.
«Біз Одақтың ортақ нарығын негізгі тауарлармен және ресурстармен қамтамасыз ету; көліктік-логистикалық әлеуетті және кооперациялық ынтымақтастықты дамытуды ынталандыру сияқты бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруымыз керек. Біз интеграциялық ынтымақтастық тәжірибесін, ұлттық мүдделерді және ЕАЭО туралы шарттың іргелі негіздерін ескеретін боламыз», — деп түйіндеді ЕЭК Алқасының төрағасы.