Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 22 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит алаңында Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) атқарушы хатшысы Татьяна Молчанмен жұмыс кездесуін өткізді.
Тараптар Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуды талқылады.
Бақытжан Сағынтаев Комиссияның БҰҰ ЕЭК-тің сараптамасы мен құралдарына сүйене отырып, ынтымақтастық бағыттарын мазмұнды пысықтағанын хабарлады.
Атап айтқанда, көлік-логистика саласында нормативтік базаны БҰҰ халықаралық конвенцияларымен үйлестіру, өтпелі көлік дәліздерін қалыптастыру, трансшекаралық электрондық құжат айналымына көшу, логистикадағы цифрлық шешімдер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.«Комиссияның БҰҰ ЕЭК-пен өзара іс-қимылы шын мәнінде саларалық әрі кешенді сипатқа ие болып, іс жүзінде Комиссияның барлық блоктарын қамтиды», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.
Сонымен қатар бірлескен талдамалық күн тәртібін қоса алғанда, экономикалық интеграцияның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпалы тақырыбы бойынша өзара іс-қимыл кеңейтілуде.
Тараптар диалогты дамыту қажеттілігі жөнінде ортақ пікірге келді. Осыған байланысты 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарын дайындау мүмкіндіктері талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар мұндай формат жаңа ынтымақтастық жоспарын терең әрі жан-жақты пысықтауға мүмкіндік беретіні жөнінде ортақ түсінікке келді.«Барлық бағыттар бойынша салалық сарапшылардың қатысуымен бірқатар жұмыс кездесулерін ұйымдастыруды ұсынамыз. Диалогтың негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллектіні практикалық қолдану болуы мүмкін», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Еуразиялық экономикалық комиссия мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2013 жылы қол қойылған.