Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 23 қарашада Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) 2025 жылғы Жаһандық өнеркәсіптік саммит шеңберінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі бас конференциясының (ЮНИДО) 21-сессиясының жұмысына қатысты.
Жоғары деңгейдегі кездесуде "Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетудегі инвестициялар мен әріптестіктің күші" басты тақырып болды.
Мемлекет және Үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың басшылары, жеке және банк секторларының өкілдері кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, әлемдік индустрияландырудағы ілгерішілдікке қол жеткізудің жаңа тәсілдемелері қарастырылды.
Форум делегаттары кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, инвестициялар тарту, технологиялар трансфері үшін үйлестірілген ынтымақтастық, сауданы дамыту, жұмыс орындарының санын арттыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, сондай-ақ БҰҰ ОДМ іске асыру арқылы өнеркәсіпте экологиялық орнықтылыққа жәрдемдесу тақырыптарын сөз етті.
Тараптар жаһандық өнеркәсіптік күн тәртібі мәселелерін тиімді шешу үшін бизнеске арналған нақты бағдарларды тұжырымдау қажет деген пікірге келісті. Талқылаудың нәтижелері мен түйінді қорытындылары ЮНИДО-ның жыл сайынғы есебіне енгізіледі.
Еуразиялық экономикалық комиссия БҰҰ жүйесінің өнеркәсіптік даму мәселелері бойынша, соның ішінде бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бөлігіндегі қарымды ұйымы ретінде ЮНИДО-мен өзара іс-қимылға ерекше мән береді.
ЮНИДО — Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Ұйымның негізгі мақсаты — дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде өнеркәсіптік дамуға жәрдемдесу және жеделдету, сондай-ақ халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықты ілгерілету.
Бас конференция — ЮНИДО-ның жоғары директивалық органы, оны барлық 173 мүше мемлекет екі жылда бір рет шақырады.