Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 8 сәуірде Мәскеудегі ЕЭК штаб-пәтерінде Никарагуа Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Альба Асусена Торрес Мехиямен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Никарагуаның ЕЭК пен Никарагуа Үкіметі арасындағы Өзара іс-қимыл туралы меморандум шеңберіндегі ынтымақтастығының нәтижелері мен перспективалары қаралды.
"2024 жылы Меморандумға қол қою біздің диалогымызды жүйелі деңгейге шығаруға мүмкіндік берді. Комиссия мен Никарагуа Үкіметінің өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы барысында 2029 жылға дейінгі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды", – деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.
Құжатты іске асыру Комиссия мен Никарагуаның уәкілетті мемлекеттік органдары арасындағы қатынастарды дамытуға, сондай-ақ іскер топтар арасында тікелей байланысу орнауына жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Комиссия Никарагуамен көпжақты форматта – интеграциялық бірлестіктер желісі бойынша ынтымақтасуды жоспарлап отыр.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруға өзара дайын екендіктерін растады."Интеграциялық өзара іс-қимыл саласында тәжірибе ауысуға бағытталған бірлескен семинарларды ұйымдастыруды қоса, ЛАЭЖ-бен және СИЕКА-мен диалогты жандандыруға сіздің қолдау көрсететініңізге сенеміз", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Латын Америкасы-Кариб экономикалық жүйесі (ЛАЭЖ) – Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің 25 мемлекеті кіретін өңірлік үкіметаралық ұйым. 2018 жылы ЕЭК пен ЛАЭЖ Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі хатшылық (СИЕКА) – Орталық Америкадағы экономикалық интеграция процестерін қамтамасыз ететін техникалық және әкімшілік орган. Өңірдегі сегіз ел – оның қатысушысы. 2021 жылы ЕЭК пен СИЕКА Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.