Бақытжан Сағынтаев: «Вьетнам – Еуразиялық экономикалық одақтың АСЕАН мемлекеттерімен ынтымақтастығының негізгі буынының бірі»
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 2 наурызда Ханойда Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-министрі Фам Минь Тинмен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында бұдан 10 жыл бұрын күшіне енген Еркін сауда туралы келісім шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Вьетнамның өзара іс-қимылының нәтижелері мен перспективалары қаралды.

"Біз бұл мерейтойлық күнді қарым-қатынасымыздың айтулы кезеңі ретінде қарастырамыз. Вьетнам – ЕАЭО еркін сауда туралы келісім жасасқан алғашқы мемлекет болды. Бұл біздің диалогымызға стратегиялық сипат береді және өзара іс-қимылдың орнықты моделін қалыптастырады. Біз Вьетнамды ЕАЭО-ның АСЕАН мемлекеттерімен ынтымақтастығының негізгі буынының бірі ретінде қарастырамыз", – деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының басшысы.

Келісімнің қолданылу кезеңінде 2016 жылдан 2024 жылға дейін Еуразиялық "бестік" елдері мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 60%-дан астам - 4,3-тен 6,8 млрд долларға дейін ұлғайды. 2025 жылы өзара сауда 8,3 миллиард долларды құрап, өсуді жалғастырды.

Тараптар сауда және кедендік ынтымақтастықты цифрландыруға бөлекше назар аударды. Бұл жұмысқа Қазақстанның 2026 жылы Одақ органдарына төрағалық етуі қосымша серпім береді, оның басымдықтарының бірі қазіргі заманғы технологиялық шешімдерді дамыту болып баса көрсетілген.

Тараптар Еуразиялық құрлық маршруттарының әлеуетін пайдалануды және олардың АСЕАН мемлекеттерінің инфрақұрылымымен ұштасуын қоса, ЕАЭО елдері мен Вьетнамның көлік-логистикалық байланыстылығыныңмәселелерін қарастырды.

Бақытжан Сағынтаев пен Фам Минь Тинь 2026 жылы Еркін сауда туралы келісімді іске асыру жөніндегі Бірлескен комитеттің кезекті отырысын өткізу перспективаларын талқылады. ЕЭК Алқасының Төрағасы іс-шараға іскер топтардың кездесуін орайластыруды ұсынды, бұл олардың тікелей диалогына көмектеседі.

"Келісімнің басты бенефициарлары біздің елдеріміздің экспортқа бағдарланған компаниялары, шағын және орта бизнесі болуға тиіс. Бұл құжаттың әлеуеті толық пайдаланылғаны маңызды", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.


Кездесу қорытындысында стратегиялық әріптестікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруға деген өзара дайындық расталды.

Скачать исходники фотографий