Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит алаңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша тыңғылықты пікір алысу болып өтті. ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығының өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен перспективалары егжей-тегжейлі талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін ШЫҰ-мен ынтымақтастық негізгі бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта тараптар ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру аясында жаңа Бірлескен іс-шаралар жоспары жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Құжат өзара қызығушылық тудыратын салалардағы жүйелі ынтымақтастықтың міндеттерін анықтайды.«Біздің өзара іс-қимылымыздың жоғары деңгейін нақты цифрлар айғақтайды. Соңғы он жылда ЕАЭО мемлекеттері мен ШЫҰ елдерінің тауар айналымы төрт есе өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 368 млрд АҚШ долларын құрады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің үлесі сыртқы сауда айналымында 50%-ға жетті», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Қатысушылар ШЫҰ Хатшылығы алаңында «ЕАЭО күндерін» өткізу мүмкіндігін қарастырды. Бұл іс-шара еуразиялық «бестіктің» экономикалық күн тәртібін ілгерілетудің пәрменді құралына айналып, тікелей бизнес-диалог орнатуға мүмкіндік береді.«Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қою серіктестікті сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруді білдіреді. Біз негіздемелік өзара іс-қимылдан нақты бастамаларды іс жүзінде іске асыруға көше аламыз», – деді ЕЭК Алқасының басшысы.
Тараптар ЕАЭО мен ШЫҰ күш-жігерін одан әрі ұштастыру бірлестік мемлекеттерінің өзара сенімі мен экономикалық өсуін нығайтудың маңызды факторы болатынына келісті.
ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум 2021 жылы қол қойылған болатын.