Данияр Иманалиев: "Қазіргі заманғы технологиялар ЕАЭО-да статистиканың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді"
10.10.2025

ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманалиевтің басшылығымен өткен бейінді Консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі статистика саласының басты құжаттары қаралды. Олардың арасында – Еуразиялық экономикалық комиссияның 2026 жылға арналған Статистикалық жұмыстарының бағдарламасы, Еуразиялық экономикалық одақтың статистика саласындағы интеграцияны дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы және ЕАЭО статистикасы саласындағы интеграцияны дамыту жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бар.

Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Комиссияға ұсынатын статистикалық көрсеткіштердің өзектілендірілген тізбесі және оларды ұсынудың 2026 жылдан бастап пайдаланылатын нысандары мақұлданды.

ЕАЭО-да статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін жаңа ақпарат көздерін, атап айтқанда әкімшілік деректерді пайдалану туралы ақпарат таныстырылды. ЕЭК министрінің сөзінше, статистикалық байқаулардың жаңа құралдарын ендіру Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады.

"Қазіргі заманғы технологиялар ұлттық деңгейде де, ЕАЭО деңгейінде де басқа көздер есебінен қолжетімді ақпарат спектрін едәуір кеңейтуге және статистика сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Комиссия ОДМ мәселелері және үлкен деректерді қоса, жаңа дерек көздерін пайдалану бойынша халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен белсенді өзара іс-қимыл жасайды", — деп атап өтті ЕЭК министрі.

ЕАЭО елдері арасындағы өзара тауар саудасы статистикасының 2024 жыл ішіндегі "айналы" деректерін салғастыру қорытындылары қаралды, сондай-ақ 2026 жылы деректерді салғастыру бойынша сарапшылардың екіжақты кездесулерін өткізу кестесі қалыптастырылды.

Электрондық сауда тауарларының экспорты (импорты) көлемі туралы ресми ақпаратты қалыптастыру үшін ЕАЭО мемлекеттерінің тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасын жүргізу әдіснамасына өзгерістер енгізу мақұлданды.

Қаржылық статистика көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдіснама жобаларына, сондай-ақ ЕАЭО ашық деректері үшін SDMX Еуразиялық тіркелімін пайдалану кезінде уәкілетті органдардың халықаралық стандартты қолдануы жөніндегі ұсынымдарға қолдау көрсетілді.