Жаңалықтар

28.02.2023 (Обновлено: 02.03.2023 09:29)

ЕЭК делегациясы БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының іс-шараларына қатысты

Бангкоктағы (Таиланд) БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының іс-шаралары шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалянның Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ЭСКАТО атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбанамен кездесуі болып өтті. Тараптар мәселелердің кең тобын, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарлары саудасын дамытуға жәрдемдесуді және ЕАЭО елдері мен ЭСКАТО мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдауды талқылады.

«ЭСКАТО-мен ынтымақтастық — Комиссияның Азия-Тынық мұхит бағытындағы сыртқы экономикалық желісінің маңызды құрамдастарының бірі. Ол өңірлердің орнықты экономикалық дамуын өрістетуде, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және осы процестің барлық қатысушысы үшін көптеген жаңа мүмкіндіктерді іске асыруда маңызды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. ЕЭК-тің Азия-Тынық мұхиты өңірімен өзара іс-қимыл тиімділігін ең жақсы растау — Вьетнаммен еркін сауда туралы келісімдер жасасуы, Сингапурмен жан-жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім, Қытаймен экономикалық ынтымақтастық туралы келісім. Таяу болашақта Одақ Үндістанмен және Индонезиямен де сауда-экономикалық әріптестікті тереңдететеді деп үміттенеміз, қазір олармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл уағдаластықтардың бәрі — біздің Азия-Тынық мұхит өңіріндегі әріптестерімізбен байланысты тереңдетуге деген ниетімізді айғақтайды», — деп атап көрсетті ЕЭК министрі келіссөздер барысында.

Артак Камалян Комиссияның сауда-экономикалық байланыстарды ырықтандыру бойынша белсенді жұмыс істейтінін және жаһандық әрі өңірлік проблемаларды шешу үшін ЭСКАТО-мен жұмыс істеуге, дағдарыстық жағдайларды еңсеру және инклюзивті әрі орнықты дамуды қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасуға дайын екендігін атап өтті.

ЕЭК министрі БҰҰ-ның Азия менТынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Сауда, инвестициялар, кәсіпкерлік және бизнес-инновациялар комитетінің сессиясы шеңберінде халықаралық сауданың маңыздылығы, орнықты сауда арқылы өңірлік интеграция мен бәсекеге қабілеттілікті нығайту, логистикалық жеткізу тізбектері мен сауда схемаларын дамыту, сондай-ақ инновациялар мен технологиялар саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың қажеттілігі туралы баяндама жасады.

ЕЭК-тің Өнеркәсіп және АӨК жөніндегі министрі сөз сөйлеу барысында әріптестерінің назарын технологияларға инвестициялаудың маңыздылығына және цифрлық платформалардың интеграциясы мен автоматтандыру есебінен жеткізілімдердің бұдан да орнықты тізбектерін құруға аударды.

Бұдан басқа, Артак Камалян Таиланд Корольдігінің Ауыл шаруашылығы және кооперативтер министрінің орынбасары Нарапат Каэотонгпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара пайдалы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

«Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Таиландпен ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының оң серпіні байқалып отыр. Сонымен бірге, бізде Таиландтан ЕАЭО-ға жеміс-көкөніс өнімдері жеткізілімдерін өсіре түсу бойынша үлкен әлеует бар. Біздің елдеріміздің Таиландпен және Азия-Тынық мұхит өңірімен ынтымақтастығы тұтастай алғанда үлкен мүмкіндіктер ашады», — деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Ынтымақтастық әлеуетін зерделеу және ауыл шаруашылығы өнімінің өзара саудасы көлемін өсіре түсу жөнінде ұсыныстар тұжырымдау үшін тараптар ЕЭК пен Таиландтың Ауыл шаруашылығы және кооперативтер министрлігі арасында АӨК саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөнінде жұмыс тобын құру туралы уағдаласты.

Анықтама

ЭСКАТО – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы. БҰҰ-ның бес өңірлік комиссияның біреуі болып табылады. ЭСКАТО-ның штаб-пәтері Бангкокте, Таиланд Корольдігінде орналасқан. ЭСКАТО құрамына 53 ел және 9 қауымдастырылған қатысушы кіреді.