ЕАЭО мен АСЕАН әуе көлігімен жүк тасымалдау мәселелерін талқылады
3 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтің төрағалығымен "Әуе көлігімен жүк тасымалдау саласында тәжірибе ауысу" тақырыбында ЕАЭО — АСЕАН бірлескен семинары болып өтті.

Семинарға қатысушылар ЕАЭО және АСЕАН елдерінде әуе көлігімен жүк тасымалдауды дамытудың өзекті мәселелерін, соның ішінде осы саладағы түйінді сын-қатерлер мен тәуекелдерді талқылады.

ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев семинарға қатысушыларға арнаған сәлемдесу сөзінде: "Еуразия мен Оңтүстік Шығыс Азия арасындағы сауда ағындарының өсуін, сондай-ақ жүктерді, әсіресе тез бұзылатын және жоғары технологиялық жүктерді жылдам әрі сенімді жеткізу қажеттігін ескере отырып, әуе дәліздері мен логистикалық хабтарды дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіру стратегиялық маңызды міндетке айналып отыр", — деп атап өтті. 

Мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының, ЕАЭО мен АСЕАН-ның халықаралық және ғылыми қоғамдастығының өкілдері жүкті авиатасымалдау саласында электрондық көлік құжаттарын, көлік ақпараттық жүйелері мен сервистерінің халықаралық стандарттарын, авиациялық логистикадағы технологиялар мен инновацияларды ендіру мәселелері бойынша өзекті ақпаратпен бөлісті.

Семинардың күн тәртібіне әуе кемелері паркін жаңарту, әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту және дамыту үшін жағдай жасау; авиакомпаниялардың авиациялық инфрақұрылымға кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері де енгізілді.

"Біздің өңірлік бірлестіктеріміздің табысты практикасын имплементациялау ЕАЭО мен АСЕАН-ның Еуропа мен Азия арасындағы көлік қатынасы және транзиттік тасымалдар саласындағы көрсеткіштерін едәуір жақсарта алады", — деп атап көрсетті ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Женалинов. 

Семинарға қатысушылар АСЕАН Хатшылығы мен ЕЭК арасында да, екі бірлестіктің мемлекеттері мен бизнес-қоғамдастығы арасында да осы бағыт бойынша өзара іс-қимылды әртүрлі деңгейде жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.