ЕАЭО мен АСЕАН теңіз жүк тасымалы мәселелерін талқылады

16 наурызда ЕЭК алаңында "Теңіз жүк тасымалы саласындағы тәжірибе ауысу" тақырыбында ЕАЭО – АСЕАН бірінші салалық бірлескен семинары болып өтті.

Семинарға қатысушылар АСЕАН елдері мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің теңіз жүк тасымалдарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, осы салада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ теңіз көлігіндегі цифрландыру мәселелерін талқылады.

"Біздің бірегей географиялық және геоэкономикалық жағдайымызды, жоғары транзиттік және өнеркәсіптік әлеуетімізді ескере отырып, көлік дәліздерін дамыту және логистикалық хабтарды құру үшін күш-жігерді үйлестіру маңызды міндет болып табылады. Бұл ретте, теңіз жүк тасымалы халықаралық саудада шешуші рөл атқарады, біздің осы саладағы өзара іс – қимылымыз бен тәжірибе ауысуымыз өңірлер арасындағы экономикалық байланысты айтарлықтай нығайта алады", – деп атап өтті ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев семинарға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде.

ЕАЭО-ға мүше елдердің министрліктерінің, бизнес-құрылымдарының және ғылыми қоғамдастығының өкілдері АСЕАН елдерімен логистикалық сервистерді, порт инфрақұрылымын, цифрлық дәліздерді дамыту туралы өзекті ақпаратпен бөлісті.

АСЕАН елдеріндегі әріптестер кеме қатынасы үшін баламалы отын түрлерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті ендіру аспектілері және теңіз көлігіндегі "бірыңғай терезені" дамыту жөніндегі ағымдағы жобалар бойынша тәжірибелерін бөлісті.

Семинарға қатысушылар аталған бағыт бойынша өзара іс-қимылды түрлі деңгейде: АСЕАН Хатшылығы мен ЕЭК арасында, сондай-ақ елдер мен бизнес-қоғамдастық арасында жалғастыруға уағдаласты. 

"АСЕАН-ның табысты практикасын имплементациялау ЕАЭО-ға Еуропа мен Азия арасындағы көлік қатынасын және транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру кезінде өзінің экономикалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді", – деп атап көрсетті ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Женалинов. 

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылардың ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және теңіз жүк тасымалы саласындағы тиімді шешімдерді дамытуға ықпал ететін негізгі тұжырымдары мен ұсынымдары бар құжат дайындалады.