ЕАЭО мен АСЕАН тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
АСЕАН Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің онлайн-форматта өткен сессиясында Еуразиялық экономикалық комиссия мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) арасындағы ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру нәтижелері және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі әріптестікті дамыту перспективалары талқыланды.


Отырысқа қатысушылар ЕАЭО және АСЕАН өңірлері үшін өзекті болып табылатын тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қазіргі жағдайына қатысты мәселелерді қозғады.

ЕЭК санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралар департаментінің директоры Владимир Синкевич өз сөзінде бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақты дамыту стратегиясында маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

"Әлем технологиялық прогресс пен цифрлық трансформация дәуіріне аяқ басты. Қазіргі өзгерістер аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау біздің келешегімізді анықтайтын басты факторға айналуда", – деді ЕЭК департаментінің жетекшісі.

Владимир Синкевич ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы диалогта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі мәселелерді көтерді. АСЕАН Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы – Тайланд тұтынушылардың құқықтарын қорғау кеңсесінің бас хатшысы Роннаронг Пхулпипатпен бірлесе отырып, ол биылғы қыркүйекте екі интеграциялық бірлестік елдерінің мемлекеттік органдары үшін АСЕАН комиссиясы мен Хатшылығы ұйымдастырған бірінші семинардың нәтижелерін ұсынды.

Іс-шараға қатысушылар цифрлық технологиялардың дамуына және жасанды интеллекттің енгізілуіне байланысты нарықтық ортаның өзгеруіне уақытылы бейімделудің өзектілігін ерекше атап көрсетті.

Отырыс барысында орта мерзімді перспективаға арналған ынтымақтастық жоспарлары қаралды, оның ішінде 2026–2030 жылдарға арналған Комиссия мен АСЕАН-ның жаңа ынтымақтастық бағдарламасы аясындағы іс-шараларды іске асыру мәселелері қамтылды. Жұмыс екі өңірдің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу арқылы үздік тәжірибе мен практикалар алмасуға бағдарланады.

Кездесу ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болды. Тараптар аталған салада туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге және тұтынушылар арасындағы сенім деңгейін арттыруға дайын екендіктерін көрсетті.

Скачать исходники фотографий