Жаңалықтар

29.09.2022 (Обновлено: 06.10.2022 13:00)

ЕАЭО мен ЭСКАТО дағдарысты жағдаяттарды еңсеру бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты

28 қыркүйекте Бангкокте ЭСКАТО атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбананың төрағалық етуімен болып өткен ЭСКАТО-ның Азия-Тынық мұхит өңіріндегі өңірлік экономикалық ынтымақтастық және интеграция жөніндегі үшінші Министрлік конференциясына қатысушылар өңірлік экономикалық ынтымақтастық және интеграция арқылы дағдарыстарға орнықтылықты арттыруды талқылады. Конференцияда Еуразиялық экономикалық комиссия атынан Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Жаппарқұлов өкілдік етті.

Сессиялардың бірінде Асқар Жаппарқұлов, атап айтқанда, пандемияның салдары өзінің ауқымы жағынан экономикалық тұрғыдан да, әлеуметік көзқарас тұрғысынан да теңдессіз болғанын атап өтті. Пандемиядан кейін толық шамасында қалпына келіп болмаған жеткізілімдер тізбегіне санкциялар да теріс ықпал етті.

"Жеткізілімдер тізбегінің бұзылуы ұлттық және әлемдік нарықтардағы негізгі тауарлардың тапшылығына (мысалы, өсімдік майының, ұнның және қанттың уақытша тапшылығына, Африкадағы бидай тапшылығы), бағаның өсуіне, жұмыс орындарының қысқаруына, теңіз контейнерлерінің кем жүктемеленуіне және елдердің экономикалық игілігі үшін жағымсыз салдарға алып келді",- деп атап көрсетті Асқар Жаппарқұлов.

ЭСКАТО-ның Макроэкономикалық саясат және дамуды қаржыландыру департаментінің директоры Хамза Али Малик өз кезегінде Азия-Тынық мұхиты өңірінде азық-түлік және отын бағасының көтерілуі нәтижесінде мемлекеттік борыштың және кедейлер санының 2,7 млн адамға артуы байқалатынын атап өтті.

"Инфляцияның өсуімен және пайыздық ставкалардың артуымен бірге, елеулі салықтық-бюджеттік және борыштық қысым экономикалық өсуді қолдаудың бюджеттік механизмдерінің мүмкіндіктерін шектейді. Макроэкономикалық саясаттың көмегімен экономиканы қалпына келтіруді қолдау барған сайын күрделі бола түсуде",- деді ЭСКАТО өкілі.

Конференцияда көп полярлық әлемдік экономикалық жүйе құру қажеттігіне айрықша назар аударылды. Соңғы онжылдықтар ішінде жаһандық экономикада Қытай, Үндістан, Оңтүстік Шығыс Азия мен Парсы шығанағының елдері сияқты жаңа қуатты ойыншылар пайда болды, бұлардың айтарлықтай ерекшеленетін мүдделері халықаралық экономиканы реттейтін қағидаларды қабылдау кезінде ескерілуге тиіс. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарына сәйкес халықаралық ұйымдармен және басқа сыртқы әріптестермен өспелі дағдарыс пен айқынсыздық жағдайларындағы жаһандық проблемаларды шешу үшін тиімді ынтымақтастықты дамыту ЕЭК-тің түйінді міндеттерінің бірі болып табылады.

"ЭСКАТО елдерімен біздің мақсаттарымыз, міндеттеріміз ортақ, мысалы, орнықты әрі инклюзивті өсуді қамтамасыз ету, жасыл экономиканы дамыту бөлігіндегі сын-қатерлерді бірлескен күш-жігермен шешу қажет",- деді Асқар Жаппарқұлов.

Конференцияның тақырыптық сессияларының шеңберінде сондай-ақ сауда мен инвестицияларды дамыту арқылы экономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету, атап айтқанда, өңірішілік инвестицияларды ынталандыру үшін инвестициялық режимдерді біріздендіру, жіксіз әрі орнықты көлік байланысын дамыту, экономикадағы қиындықтарға және мемлекеттік әрі корпоративтік борыштың өсуіне қарамастан, орнықты инфрақұрылым мен климаттық жобаларды қаржыландыру, орнықты қалпына келтіру факторы ретіндегі цифрлық даму және адамдар арасындағы коммуникацияларды жақсарту тәсілі сияқты мәселелер қаралды.

ЕЭК өкілдері сондай-ақ Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исетовпен, Ресей Федерациясының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Евгений Томихинмен, ЭСКАТО-ның Солтүстік және Орталық Азия елдеріне арналған субөңірлік офисінің жетекшісі Николай Помощниковпен, ЭСКАТО-ның Макроэкономикалық саясат және дамуды қаржыландыру департаментінің директоры Хамза Али Маликпен және ЭСКАТО-ның Сауда, инвестициялар және инновацииялар департаментінің директоры Рупа Чандамен жұмыс кездесулерін өткізді. Жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеулер дайындау, елдік ұсынымдар әзірлеу, бірлескен іс-шаралар өткізу бөлігінде ынтымақтастықты күшейтуге, сондай-ақ дағдарысты жағдаяттарды еңсеру мен инклюзивті әрі орнықты дамуды қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Анықтама

ЭСКАТО-ның Азия-Тынық мұхит өңіріндегі өңірлік экономикалық ынтымақтастық және интеграция жөніндегі үшінші министрлік конференциясы ЭСКАТО-ның жоғары деңгейдегі басты іс-шараларының бірі болып табылады.

ЭСКАТО – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның бес өңірлік комиссияның біреуі болып табылады. ЭСКАТО-ның штаб-пәтері Бангкокте, Таиланд Корольдігінде орналасқан. ЭСКАТО құрамына 53 ел және 9 қауымдастырылған қатысушы кіреді.