Жаңалықтар

05.12.2022 (Обновлено: 13.12.2022 11:49)

ЕАЭО мен Индонезия еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздерге жол ашты

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен Индонезия Республикасының Сауда министрі Зулкифли Хасан еркін сауда туралы келісім жасасу жайында келіссөздерді іске қосу жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжат, атап айтқанда, бірінші келіссөз раундын 2023 жылғы І тоқсанда өткізу туралы уағдаластықты беркітеді.

"Еуразиялық экономикалық одақ Индонезиямен өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз береді, ол АСЕАН-дағы және тұтастай Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі біздің басты сауда әріптесіміздің бірі болып табылады. Әлі ашылмаған қалған әлеуетті де пайдалану керек: зерттеу көрсетіп отырғандай, сауда жағдайларын ырықтандыру тауар айналымын тағы да 1,5 млрд доллар өсіруге мүмкіндік бере алады",- деп атап өтті Андрей Слепнев.

Бұл ретте министр Индонезияның Одаққа импортының дәстүрлі түрде үлкен бөлігін құрайтын ауыл шаруашылығы тауарлары үшін де, екі бағытта белсенді сатылатын өнеркәсіптік топ үшін де перспектива бар екенін атап көрсетті.

Сонымен бірге, Андрей Слепневтің пікірінше, болашақ келісімді тиімді іске асыру үшін ЕАЭО мен Индонезия бизнес-қоғамдастығының өзара іс-қимылына қолдау көрсету де маңызды. Бұған форумдар, сауда және инвестициялық жәрмеңкелер, семинарлар өткізу, әріптестерді іздеуге өзара жәрдем көрсету ықпал ететін болады.

"Ынтымақтастықты тереңдетудің перспективаларын қосымша талқылай алатын алаңдардың бірі ретінде 2023 жылғы көктемде Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде екіжақты бизнес-диалог ұйымдастыруды ұсынамыз",- деп ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Индонезия тарапының іс-шараны қолдауына үміт арта келіп, өз әріптесін хабардар етті. 


Анықтама

2022 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның Индонезиямен сауда айналымы 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 48,4% өсті, бұл ретте экспорт 2,5 еседен астам артты, ал импорт 16%-ға жуық қосты.