Жаңалықтар

17.12.2021 (Обновлено: 01.04.2022 13:19)

ЕАЭО мен Куба 2025 жылға дейінгі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды

Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Сергей Глазьев басқарған Еуразиялық экономикалық комиссия делегациясының 13-15 желтоқсанда Куба Республикасына ресми сапары Еуразиялық экономикалық одақтың ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет — Куба Республикасымен диалогын нығайту мәселелеріне арналды.
Сергей Глазьевтің және Куба Республикасының Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары Рикардо Кабрисас Руистің тең төрағалығымен өткен ЕЭК пен Куба Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен комиссияның екінші отырысы түйінді оқиға болды.

Тараптар 2018 жылы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ЕЭК пен Куба арасындағы ынтымақтастық барлық бағыт бойынша жанданғанын атап көрсетті.

«Пандемия біз үшін бөгеу болған жоқ, керісінше, Кубаға байқаушы мемлекет мәртебесі беріле отырып, біздің ынтымақтастығымыз сапалық жаңа деңгейге шықты», — деп атап көрсетті Сергей Глазьев.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ЕЭК пен Куба Республикасы Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының жоспарына қол қойды. Ол ынтымақтастықтың 34 бағытын қамтиды.

«Біз үшін бұл жоспар — Еуразиялық экономикалық одақпен өзара ынтымақтастықта нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған жол картасы», — деп атап өткен Рикардо Кабрисас Руис ЕАЭО-мен диалогтың Куба Республикасының 2030 жылға дейінгі экономикалық және әлеуметтік дамуының ұлттық жоспарын және Экономиканы ынталандыру мен COVID-19 пандемиясы тудырған жаһандық дағдарысты еңсеру жөніндегі экономикалық-әлеуметтік стратегияны іске асыру тұрғысында ел үшін айтарлықтай маңызы бар деп сөзін толықтырды.

Куба тарапы салалық, атап айтқанда, ЕАЭО-дағы техникалық реттеу және дәрілік заттардың айналысын реттеу саласында диалогты нығайтуға айрықша қызығушылық білдірді. Осыған байланысты ЕЭК Куба Республикасының уәкілетті органының (CECMED) өкілдеріне ЕАЭО Фармакопея комитетіндегі жұмысқа байқаушы ретінде қосылуды ұсынды.

Тараптар Куба мен ЕАЭО елдері іскер топтарының ынтымақтастығын қарқынды ету қажеттігін атап көрсетті, осы мақсатта ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен Куба Сауда палатасының арасындағы келісімге қол қойылды.Құжат бірінші кезекте сауда-инвестициялық, өнеркәсіптік және қаржы ынтымақтастығын дамытуға бағдарланған.

ЕЭК делегациясы жұмыс сапары шеңберінде сондай-ақ Куба Республикасының ресми, іскер және сарапшылық топтары үшін ЕАЭО және Комиссия қызметі туралы таныстырылым өткізді. Диалогты дамытудың жекелеген аспектілері мен жасасылған жоспарды іске асыру Сергей Глазьевтің Куба министрліктері басшыларымен жұмыс кездесулері барысында талқыланды. Талқылаулардың басты арқауы ЕАЭО мемлекеттері мен ЕЭК тарапынан Кубаға сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жобаларын, соның ішінде ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда, қаржы, туризм, фармацевтика және басқа салаларда іске асыруға жәрдемдесуі болды.

Кубаның Туризм министрі Хуан Карлос Гарсиа Гранда медициналық туризмді ілгерілетуге екпін түсіре отырып, елдегі туризмнің дамуымен жан-жақты таныстырды, бұл ЕЭК тарапынан қызығушылық тудырды.

«Туризм мен медицинаны ұштастыру ғажап нәтиже береді, Куба өз қызметкерлеріне сауықтыру қызметтерін көрсетуді ұсынатын ірі кәсіпорындарымен біздің кооперациялық байланыстарымызға қазірдің өзінде интеграциялануда», — деп атап өтті Сергей Глазьев.

Денсаулық сақтау министрі Хосе Анхел Портал Мирандамен жұмыс кездесуі және ЕЭК делегациясының Кубаның гендік инженерия және биотехнологиялар орталығына сапары барысында елдің өз нарығына препараттарды жеткізу және кубалық өнімді экспортқа ілгерілету тәсілдемелерінің ерекшелігі, сондай-ақ дәрілік заттар мен вакциналар өндірісі саласындағы өзара ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Бұдан басқа, Сергей Глазьев Экономика және жоспарлау министрі Алехандро Гиль Фернандеспен және Орталық банк президентінің орынбасары Франциско Майобремен кездесті, олар ЕАЭО елдерімен орталық және коммерциялық банктер деңгейінде екіжақты банкаралық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ Еуразиялық даму банкімен байланыс орнатуға деген қызығушылықтарын білдірді.

Куба тарапының мүддесін ескере келе, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында туризм, фармацевтика тақырыптарына, техникалық реттеудің жекелеген аспектілеріне және биотехнологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөле отырып, семинар өткізу ұйғарылды.