Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары Тунис Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді ресми бастау туралы ұсынысты қолдады. Тиісті шешім 29 мамырда Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қабылданды.
Сарапшылық бағалау бойынша, тараптар арасындағы іскерлік әріптестіктің ағымдағы деңгейі іске асырылмаған жоғары әлеуетті көрсетіп отыр. Сауданы ырықтандыруға көшу және әкімшілік тосқауылдарды азайту экспорттық-импорттық операцияларға қосымша серпім береді."ЕАЭО мен Тунис ұлттық өнеркәсіптік өндірістердің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттырудың да, бір-бірінің нарықтарына қол жеткізудің талапшарттарын жақсарту арқылы екіжақты сауданы тереңдетудің де ресурсына ие", — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Комиссия ЕАЭО елдерінің Тунис нарығына жеткізілімдердің өсуінің неғұрлым үлкен мүмкіндіктері бар мынадай басты тауар топтарын бөліп көрсетті: азық-түлік, металлургия, химия өнеркәсібі, ағаш өнеркәсібі кешені және тұтыну секторы.
Нарықтарға қол жеткізудің оңтайлы талапшарттарын қалыптастыру жөніндегі келіссөз процесі әрбір мемлекеттің экономикалық даму міндеттерін назарға ала отырып, өзара пайда қағидаттарына негізделетін болады.Бір жағынан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші жағынан Тунис Республикасы арасында еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы туралы мәселені зерделеу жөніндегі бірлескен зерттеу тобы Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2025 жылғы 22 қаңтардағы № 5 өкімі негізінде қалыптастырылды.