Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі аз тонналы сұйытылған табиғи газды (СТГ) өндіретін және өткізетін объектілерді салуға, жарақтандыруға және техникалық қызмет көрсетуге арналған жабдықтар мен бөлшектердің жекелеген түрлерін кедендік әкелу бажынан босату түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Тарифтік жеңілдік әкелінетін тауарлардың нысаналы мақсатын растау талабымен 2 жыл мерзімге берілетін болады.
«Шешім аз тонналы сұйытылған табиғи газдың өндірістерінің желісін кеңейтуге, өңірлерді газбен қамтамасыз ету қарқынын жеделдетуге, мотор отыны ретінде пайдаланылатын мұнай өнімдерін неғұрлым экологиялық табиғи газбен алмастыруға бағытталған», – деп атап өтті ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.
Ол Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қазіргі уақытта ішкі нарықта аз тонналы СТГ пайдалана отырып, жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және газ құю желісін коммерциялық тиімді деңгейге дейін жүктеуді қамтамасыз ете отырып, газ-моторлы отын нарығын (ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникасына арналған, автомобиль, теміржол және су көлігінде) дамытуға бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.
«Негізгі алғышарттар – бұл өнеркәсіптік өндіруге қызығушылық тудырмайтын көптеген газ кен орындарының болуы, сондай-ақ бірқатар ықтимал тұтынушылардың қол жетімділігі қиын жерлерде немесе газбен жабдықтау көздерінен шалғай орналасуы. Мұндай жағдайларда аз тонналы СТГ қолдану оңтайлы шешім болып табылады, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді», – деп қосты Андрей Слепнев.
Аталған жобаларды іске асыру жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды ұйымдастыруды ескере отырып, бірнеше мың жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.