Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шектеулі мөлшерде әкелінетін электромобильдерге қатысты кедендік баж салығын төлеуден босату түріндегі тарифтік жеңілдікті 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты.
Кедендік баждарды төлеуден босату тек Армения Республикасында, Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында тұрақты тұратын азаматтарға ғана беріледі. Бұл ретте Ресей Федерациясында азаматтығы және (немесе) тұрақты тұратын жері бар адамдарға электромобильдерді иелену, пайдалану және ұстау құқықтарын беруге рұқсат етілмейді.
«Электромобильдерге сұранысты ынталандыруға, оларды өндіруге және зарядтау станциялары желісін дамытуға бағытталған басқа шаралармен бірге тарифтік жеңілдікті қолдану мерзімдерін ұзарту осындай көлік құралдарының кеңінен қолданылуына ықпал етеді деп күтілуде», – деп атап өтті ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.
Анықтама
Электромобильдерге қатысты ЕАЭО БКТ кедендік әкелу бажының мөлшерлемесі кедендік құнның 15% құрайды. ЕЭК Кеңесінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 29 шешіміне сәйкес 2020 жылғы 4 мамыр мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде 0% мөлшерінде баж қолданылды. Ал Кеден одағы Комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 130 шешімінің 7.1.38-тармағына сәйкес 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде ЕАЭО елдеріне шектеулі мөлшерде әкелінетін электромобильдерге қатысты кедендік баж салығын төлеуден босату түрінде тарифтік жеңілдік берілді.