Жаңалықтар

23.05.2023 (Обновлено: 25.05.2023 09:36)

ЕЭФ-2023: «Ковид сабақтары – болашаққа көзқарас»

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара қарым-қатынасын, ЕАЭО-ның пандемиялық қатерлерді еңсеру бойынша тәжірибесін, COVID-19-ға қарсы бірлескен күрес тәжірибелерін, пандемияның жаһандық және өңірлік интеграциялық процестерге әсерін, болашаққа ғылыми негізделген көзқарасты, сондай-ақ қазіргі жағдайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарының қызмет ерекшеліктерін 24-25 мамырда Мәскеуде өтетін II Еуразиялық экономикалық форумның іскерлік бағдарламасы аясында «Ковид сабақтары – болашаққа көзқарас» сессиясының қатысушылары талқылайтын болады. Форум операторы – Росконгресс Қоры.

COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, оның ішінде әрбір мүше мемлекеттің аумағында да, ЕАЭО аумағында да жұқпалы аурулардың таралуына уақытылы ден қоюдың маңыздылығын көрсетті.

Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай мүше мемлекеттердің экономикасы үшін үлкен сынақ болды, барлық қолда бар ресурстық әлеуетті іске қосуды және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қызметтің басым бағыттарын айқындауды талап етті.

 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының әртүрлі деңгейлердегі сектораралық өзара іс-қимылы халықтың денсаулығын қорғауға, экономика мен бизнес үшін салдарын барынша азайтуға, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуге, сондай-ақ туындаған биологиялық қатерге уақытылы ден қою, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты сақтау және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды іске асырудың жүйелі тәсілін жасауға мүмкіндік берді.

Сессияда осы мәселелерді талқылауға Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының «Вакциналар арқылы алдын алуға болатын аурулар және иммундау» бағдарламасының өңірлік кеңесшісі Сиддарта Датта, Беларусь Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Александр Тарасенко, Қырғыз Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Бубужан Арықбаева, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясының жауапты хатшысы Сергей Поспелов, Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар дирекциясының директоры Александр Петров, Роспотребнадзор «Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институты» Федералды бюджеттік ғылым мекемесінің клиникалық-талдамалық жұмысы жөніндегі директорының орынбасары Наталья Пшеничная, Пастер атындағы Санкт-Петербург эпидемиология және микробиология ҒЗИ директоры Арег Тотолян, ЕАЭО Фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Алексей Кедрин қатысады деп күтілуде.

IІ Еуразиялық экономикалық форум Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттер басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына орайластырылған. Іс-шаралар 2023 жылы Ресей Федерациясының ЕАЭО органдарына төрағалық етуі аясында өткізіледі. Форумның мақсаты еуразиялық кеңістіктегі кооперациялық байланыстарды жетілдіру болып табылады.